Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандарға қатысты заңбұзушылық жөнінде шағымдар әлі түсіп жатыр
Бүгін Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде аталған ұлттық орталық өкілі Салтанат Нұрымбетова қаңтар оқиғасына қатысты мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, қылмыстық атқару жүйесі мекемелері екі жыл ішінде байланыс құралдарымен қамтылуы керек. Ол сотталғандардың қауіпсіздігі мен оларға қатысты құқықбұзушылық әрекеттерін азайту үшін қажет. Өйткені Ұлттық превентивтік механизм қатысушылары қамаудағылармен кездесуге барғанда қызметкерлер бейнетаспасының жазбасы жоқ болып шығады. Бақылау камералары не істемей қалады, не ондай құрылғы мүлде болмайды екен.
Оның айтуынша, қаңтар оқиғасынан кейін адам құқығы жөніндегі уәкілге ұсталғандар мен қамауға алынғандарға қатысты заңбұзушылық жөнінде шағымдар әлі түсіп жатыр. Мәселен, қаңтардың 13-і мен ақпанның 5-і аралығында превентивті механизм өкілдері еліміздің 16 өңірінде 115 рет түрмеге кіріп шыққан. 9-ақпандағы жағдай бойынша, Адам құқығы жөніндегі уәкілге жазбаша 62 шағым түскен. Оның 32-сі тергеу шараларының физикалық күш қолдану мен қатігездік жасау сынды рұқсат етілмеген түріне қатысты. Қалған шағымдар негізсіз ұстау мен әкімшілік айыппұл сынды сот шешімдерімен келіспеу, медициналық көмек көрсетілмеу, адвокаттарын кіргізбеу жағдайлары екен.
Сол мекемелердегі азаматтар ұрып-соққанын, қатігездік жасағандарын және сол сияқты басқа да абыройын таптайтын әрекеттер жасағандарын айтқан. Қысым көрсетіп, процессуалдық құжаттарға қол қоюға мәжбүрлегендерін, авдокаттарына жібермегендерін, тіпті су бермегендерін, әрі дене жарақаттарына байланысты медициналық көмек алуға рұқсат етпегендерін айтқан. Бұл жағдайлар ұсталған алғашқы күндері болған, – дейді Салтанат Мұсабекқызы.
Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық өкілінің тағы бір айтқаны, елде төтенше жағдай қаңтардың 5-19-аралығында енгізілді. Онда заң бойынша қоғамнан оқшаулайтын орын жетіспеген жағдайда режимді бұзған азаматтарды ұстайтын қосымша орын әзірлену керек. Бірақ ТЖ туралы заңның өзі дұрыс жұмыс істемегеніне көз жеткен.
Өйткені онда халыққа жедел түрде психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетілмеген. Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне де ондай көмек қарастырылмаған. Оның үстіне ТЖМ қарамағындағы небәрі 3-ақ психологтың елдегі бүкіл жапа шеккен адамды былай қойғанда, қызметкерлердің өзіне жетпейтіні түсінікті.
«Бұлтартпау шарасының баламалы түрі жұмыс істемей тұрғанын талай айттық. Қамауға алудың орнына ешқайда кетпеу туралы қолхат, үйқамақ, т.б. Автоматты түрде жаппай ұстап, қамауға алу туыстарының наразылығын тудырды. Бұл бұлтартпау шараларын қайта қарау керек екенін көрсетіп отыр», – дейді Нұрымбетова.
Кеше депутаттар да бүліктен кейінгі былықты жеткізген болатын. Олар қамаудағылардың ісін әділ қарап, жазықсыздарды босатуды сұраған еді.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.