Жыл басынан бері қалада бес терезеден құлау оқиғасы тіркелген
Шымкентте бес жасар бала 3-қабаттың терезесінен құлап кетті. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, оқиға күндізгі сағат 15:19-да Ақжайық шағынауданындағы №2 бес қабатты көппәтерлі тұрғын үйде болған. Ересектердің қарауынсыз қалған ұл бала абайсызда үшінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кеткен.
Бала дереу балалар ауруханасына жеткізіліп, «бел омыртқасының сынуы, іштің түтіккен жарақаты, жабық бас сүйек-ми жарақаты» деген диагноз қойылды, жағдайы ауыр, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге жыл басынан бері қалада 5 терезеден құлау оқиғасы тіркелгені белгілі болды. Барлық жағдайда балалар жарақат алған.