×

ІІМ Бекболат Тілеуханның азаматтығына қатысты жауап берді

Қазақстан азаматтығынан шығуға болмайтын жағдайлар да бар

 Ая Өміртай 31.08.2022 | 12:26
Коллаж: Halyq Uni

Бұрынғы депутат Бекболат Тілеуханның азаматтығына қатысты Ішкі істер министрлігі жауап берді деп хабарлайды, Halyq Uni.

Halyq Uni тілшісі аталған министрлікке «Бекболат Тілеухан Қазақстан азаматтығынан шығуға өтініш берді ме?» деген ресми сауал жолдаған болатын. Редакцияға келіп түскен ресми жауапта ақпаратты жеке тұлғаның жазбаша келісімінсіз басқа тұлғаға беруге болмайтындығын атаған.

«Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңға сәйкес, дербес деректерді тарату субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімімен, сондай-ақ «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізімдеріне», аталған заңның 11-бабының 2-тармағына сәйкес, тұлғаға қатысты ақпаратты жеке тұлғаның жазбаша келісімінсіз басқа тұлғаға беруге болмайды. Кісінің азаматтығы бар-жоғы туралы мәлімет шектеулі дерек болып саналады. Аталған тұлғаға қатысты сұратылған ақпарат өзінің немесе заңды өкілінің келісімімен берілуі мүмкін», – делінген ІІМ ресми жауабында.

Ал Қазақстан азаматтығынан шығу үшін өтінішхатпен бірге ұсынылған қажетті құжаттар тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне ресімделеді. Шешімді Президенттің өзі қабылдайды. Өтінішті қарау мерзімі 6 ай.

Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан азаматтығынан шығуға болмайтын жағдайлар да бар. Атап айтқанда, мына адамдарға азаматтықтан шығуға жол берілмейді:

  • Күдікті ретінде оның іс-әрекетін саралау туралы қаулы жария етілсе;  
  • Соттың үкімімен жазасын өтеп жүрсе; 
  • Азаматтықтан шығуы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің мүдделеріне қайшы келсе.

Айта кетелік, Конституцияға сәйкес Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынған. «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңының 21-бабына сәйкес, басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда, көші-қон қызметін алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде хабардар ету қажет.

Қаңтардан бері шет мемлекетте жүрген Бекболат Тілеухан Түркия азаматтығын алды деген сыбыс тараған. Алайда ол әлеуметтік желі арқылы төлқұжатын көрсетіп, ел азаматтығынан шықпағанын хабарлаған болатын.

«Мынау – Ыстамбұлдағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығы, осында бір шаруаларыммен келдім. Азаматтығымды айырбастағам жоқ. Қисынсыз жалаға сенбеңіздер. Көк паспортым қолымда, жұмысым орнында», – деген еді Бекболат Тілеухан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама