«Өзімді қазақ сезіне бастадым» - ресейлік танымал блогер
Иван Қазақстан, қазақтар және олардың әлемдік аренадағы табыстары туралы жазбаларды жиі жариялайды
Санкт-Петербургтегі (Ресей) танымал блогер Иван Червинский Қазақстанды не үшін жақсы көретінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Иван Червинский ұлты орыс бола тұра, Қазақстанды Желіде танымал етіп жүр. Қазір оның Instagram- парақшасында 40 000-нан аса және YouTube-арнасында 179 000 жазылушысы бар. Иван Қазақстан, қазақтар және олардың әлемдік аренадағы табыстары туралы жазбаларды жиі жариялайды.
Жақында блогер оған жиі қойылатын сұраққа жауап берді.
«Көп адам менен Қазақстанды неге жақсы көретінімді, қазақтарды неге сонша құрметтейтінімді сұрайды. Қазақтармен тығыз қарым-қатынаста болған бес жыл ішінде мен өзімді қазақ тәрізді сезіне бастадым. Мысалы, қазір бір салмақтағы екі боксшы, екі қазақ кездескенін көріп отырмыз. Олардың мүдделері сәйкес келіп тұр. Өйткені, екеуі де бірдей титулға үміткер. Ол екі батыр ағайындылардай араласады. Мен оларды жақсы түсінемін. Бұл тек спортшылар арасында емес, бәрінің арасында осылай болуы керек», - деді блогер Геннадий Головкин мен Жәнібек Әлімханұлының қарым-қатынасына сілтеме жасап.
Иван Червинский түрлі қызмет пен спорт саласында қазақстандықтарды белсенді түрде қолдайды. Күні кеше ол испаниялық «Леванте» клубымен келісімшартқа отырған оралдық 9 жастағы футболшы Назар Доля туралы айтты. ФИФА ережелеріне сәйкес, клубтар 18 жасқа толмаған ойыншылармен ақшалай қатынасқа түсе алмайды. Бірақ Испанияның жетекші клубтарындағы академиялар ойыншыға жоғары қызығушылық ретінде оның жаттығуларына, жабдықтарына және көліктеріне демеушілік жасай алады.
«Назар енді Испаниядағы қазақ футболының өкілі, бұл өте керемет. Айтпақшы, оның карьерасына әжесі үлкен үлес қосқан, бұл үшін оған ерекше рақмет. Жарайсын, Назар», - дейді Иван.
Көпшілік блогерді Иванжан деп атап, елге қолдау білдіргені үшін белсенді түрде алғыс айтады.
Сонымен қатар, блогер Димаш Құдайберген мен Иманбек сияқты танымал қазақстандықтар туралы да белсенді түрде жазып, әңгімелейді.