×

Ноғаев митингке шыққан көпбалалы аналармен кездесті

Мәслихат депутаттары аналар көтерген мәселелер бойынша Парламентке хат жолдады

 Халық үні 09.02.2022 | 18:51
фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіруді талап еткен жаңаөзендік бір топ әйелмен кездесті.  

Әкімдікке келген аналар Жаңаөзен қаласынан Ақтау қаласына қоныстандыру бағдарламасы бойынша 2019-2022 жылдар аралығында жалға берілген пәтерлерін жекешелендіріп беруді талап етті. Сондай-ақ, пәтерді жалға алу және коммуналдық қызметтер үшін төленетін төлем ақысын алып тастау туралы талаптарын айтты.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қолданыстағы заңнамаға сәйкес жалға берілетін тұрғын үй жекешелендіруге жатпайтынын түсіндірді.

Ақтау қаласында жалға берген пәтерлердің жалға алу мерзіміне шектеу қойылмайды. Егер келісім-шартта тіркелген адам қайтыс болған жағдайда, жалға алу келісім-шарты қалған отбасы мүшелеріне ұзартылып беріледі. Қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңы бойынша, сіз тұратын пәтерлер коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз беріледі, жалға берілетін тұрғын үй жекешелендіруге жатпайды, - деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс басшысы коммуналдық қызметтер бойынша табысы төлемді толық өтеуге мүмкін болмаса, онда «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңға сәйкес қажетті құжаттар пакетін жинап, тұрғын үй көмегін алуға болатынын жеткізді.

Тұрғын үйді жалдау ақысы тұрғын үйдің шаршы метріне байланысты 8-ден 12 мың теңгеге дейін өзгереді.

Кездесуге облыстық мәслихат депутаттары да қатысып, оның бірнешеуі аналар көтерген мәселелерді қарау үшін Парламентке хат жолдады.

Еске салайық, 8 ақпанда Ақтауда көпбалалы аналар тегін пәтер беруді талап етіп митингке шықты. Олар қаланың орталық жолдарының бірін жауып тастаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама