×

Тоқаев Торғайға барады

Президенттің сапары 5 қыркүйекке жоспарланған

 Дастан Жұмабекұлы 30.08.2022 | 10:35
фото: ашық дереккөзден біріктірілген

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қыркүйекте Қостанай облысына барады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-тегі парақшасында жазды.

Президенттің алдын ала бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қыркүйек күні Қостанай облысына барады. Жұмыс сапары аясында ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының ресми іс-шараларына қатысады, –  деп жазды ол.

Осының алдында әлеуметтік желіде Тоқаев Торғайға бармайған жағдайда үлкен минус болатыны туралы әңгіме болған еді. 

Соның бірін белгілі журналист Көсемәлі Сәттібайұлы да «Торғай төрінде өтетін ұлт ұстазының тағылымы ұмыт қалмаса екен» деген жазбасын жариялады.

Соны оқырманның назарына ұсынамыз.

Еліміз қыркүйектің 3, 4 және 5 күндері Торғай өңірінде ұлтымыздың ұлы ұстазы –  Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтеді.

«Неге ұлы ұстаз? Ұлы ұстаз Аристотель мен Әл-Фараби емес пе?» дер біреулер. Жоқ, ол кешегі қазақтың Сақ, Ғұн, Қыпшақ, Үйсін, Сармат, Түркі жұрты боп жалпы аталып жүрген кезіндегі ғұламалары.

Ал Ахмет Байтұрсынов бүгінгі қазақтың бүгінгі ұлттық жазуының реформаторы, қазақ халқының тіл білімі мен әдебиет тану ғылымдарының негізін салушы, ғалым, педагог, түркітанушы, көсемсөзші, аудармашы.

«Ұлы!» деп леп белгісін қоюға бұл да аз десеңіз, ол –  Алаш ардақтысы. Себебі, Қазақ халқының өткен ғасыр басындағы Ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі және Алаш-Орда өкіметінің мүшесі. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.

Атыңнан айналайын Ахмет Байтұрсыновты Қазақ халқының рухани көсемі, Ұлт ұстазы дейтініміз сондықтан.

Ал енді Қостанай облысы, оның ішінде «тас түскен жеріне ауыр» дегендей, Жангелдин ауданының халқы жанталаса дайындалып, еліміздің батысы мен шығысына, оңтүстігі мен солтүстігіне сауын айтып, Ұлт ұстазының рухына арналған тағылымы зор жиынға шақырып жатқанда Үкіметіміздің «кабинетшілдікке» салынып, креслосында жабысып отыры қалуы дұрыс па?

Егемен ел екенімізді, ұйысқан ұлт екенімізді айнала-төңірекке білдіргіміз келсе, өткен ғасырдың саяси қуғын-сүргінінде жаптым жала, жақтым күйемен жазықсыз опат болған Ахмет Байтұрсыновтай айбозымыз болғанын еске сап, әйгілеп қою үшін лауазымды тұлғаларымыздың үлкенінен бастап кішісіне дейін сол ұлы-жіңгір жиын басынан табылса, қане?

Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясын қайта жалғастырып, Ұлт құрылтайын өткізіп, сол өңірдегі жаңадан құрылған облыстың атын Ұлтытау деп атауға Жарлық шығарған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Торғай төрінде өтетін Ахмет Байтұрсынов ғибратына күллі қазақ халқымен бірге келіп, елін ынтымақ пен бірлікке, тірлік пен ірілікке шақырып, ортасында жүрсе ғажап емес пе?!

Өткен жылы өңкей жарылыстармен ес шықты. Арыс, одан Жамбыл жарылыстары... Президентіміз халық қасіретін бірге бөлісті. Басу айтып, сабырға шақырды. Биылғы «Қаңтар оқиғасына» да қабырға қайысты. Аза тұттық.

«Жартық үйдің Құдайы бар!». Енді ес жиып келеміз. Ұлытау, Абай облыстары ашылды. Ұлытауда ұлттық құрылтай өтті. Алматы мен Жетісу өңірлері енші бөлісіп, жеке шықты. Қазақ елі дипломатиясының өзіндік үні мен мінезі, бет-бейнесі айқындалып келеді. Президенттің Санкт-Петербург, Сочи, Әзербайжан сапарлары көңілдердегі өлеусіреген үміт отын қайта лаулатты.

Ендеше, Торғай төріндегі Ахмет Байтұрсынов тәлімі мен тағылымына арналған қуанышты да президентіміз халқының ортасында жүріп қарсы алса екен деп тілейік, ағайын.

«Көптің тілегі – көл» дегендей, Ақорда әлеуметтік желіде Торғай өңірінен шыққан белгілі журналистердің, атап айтқанда Анар Төлеухан мен Амангелді Кеңшіліктің, енді міне, Көсемәлі Сәттібай мен басқа да азаматтардың жазбаларын ескерусіз қалдырмады деп ойлаймыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама