Емі жоқ диагноз қойылған талдықорғандық жар іздейді – кейіпкермен сұқбат
32 жастағы Дәурен Ысқаққа ревматоидты артрит диагнозы қойылған
Талдықорғандық Дәурен Ысқақтың бірінші топтағы мүгедектігі бар. Ер адам қазір ерекшелігі бар адамдарға барлық мүмкіндік жасалғанын айтады. Өзі де он жылдан бері кәсіпкерлерікпен айналысады. Оның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың цифрлық білімін жетілдіріп, әлеуметтік желі мүмкіндіктерін пайдалануына атсалысқан. Ер адам екі жылдан бері шағын қожалықтың жұмысын жүргізіп отыр.
Дәурен Ысқақ 18-ге толғанда алғашқы кәсібін ашқан. Ауылдағы әкімдік ғимаратында анықтама жазумен, қағаз басып шығарумен айналысады. Сол кезде мүгедектігі бар азаматтарға арналған семинар-тренингтерге қатысады. 2009 жылы «Салауат» мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігін құрады. Алайда бірлестік жұмысына бірден кірісе алмаған.
Осылайша 2012 жылдан бастап аудандық, облыстық, кейін тіпті республикалық деңгейдегі грантты ұтып алады.
«Мүмкіндігі шектеулі адамдардың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша семинарлар ұйымдастырумен айналыстық. Көксу ауданындағы ауылдарды, ауылдық округтерді аралап, өзім секілді азаматтардың басын қостық. Цифрлық технология енді дамып келе жатқан кез еді. Соны үйрету арқылы азаматтардың өмірін жеңілдеткіміз келді», - дейді талдықорғандық.
Осылайша 10 жыл бойы мүгедектігі бар азаматтардың қоғамға араласып кетуіне жұмыс істеген.
«Кейінгі екі жылда денсаулығыма байланысты жеке кәсіпке ауыстым. Алматы облысы кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған грантты алып, балапан өсіру бизнесін бастадым. Қазір осы іспен айналысып жатырмын. Бұл кәсіпке 2 миллион теңге бөлді. Былтыр шілдеде бастадық, үйрену кезеңінде болдық. Мыңнан астам балапан шығарып, ет ретінде өткіздік. Биыл осы істі жалғастырып жатырмыз», - дейді ер адам.
Айтуынша, шағын қожалықтағы физикалық жұмысқа әкесі көмектеседі, ал желі арқылы сатумен Дәурен Ысқақ айналысады.
«Алдымен инкубаторға (жұмыртқадан балапан шығаратын аппарат) жұмыртқа саламыз. 21 күннен кейін жұмыртқадан балапан пайда болады. Ол үшін инкубатордың температурасын, ылғал параметрлерін қадағалап отыру керек. Одан шыққан балапандарды брудерге (жылытқыш аспап) саламыз, өзі жылуын ұстап тұрады. Алғашқы он күн брудерде тұруы керек. Одан кейін келесі тор жәшіктерге салынады. Балапаннан 41 күнде тауық өсіп жетіледі», - дейді ол.
Тауықты интернет платформа және әлеуметтік желілер арқылы, кейде қаладағы базарға апарып сатады. Дәурен Ысқақ көлікті де өзі жүргізеді.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға жақындары қолдау танытса, оған сенсе, ел қатарлы тең өмір сүруге болады. Менің әке-шешем, аға-жеңгем жақсы қолдау көрсетеді. Мүгедектік мида ғана, егер адам өзін мүгедек сезінбесе, оның мүмкіндігі шектеусіз, - дейді Дәурен Ысқақ.
Сондай-ақ ол мүгедектігі бар адамдарға қоғамның көзқарасы туралы да айтты.
«Ескі ғимараттарда мүмкіндігі шектеулі адамдардың кіріп-шығуына жағдай қарастырылмаған. Бұл сол кездегі биліктің қоғамда ондай адамдарды мойындамауы, шеттетуі деп ойлаймын. Қазір ол ғимараттың барлығына пандус қойылып, сары жолақтар сызылып, бәрі өзгерген. 2000 жылдарға дейін көшеден біз сияқты адамдарды көп көрмейтін едік. Бізді көшеден көрген адам тесіле қарайтын. Ал 2000 жылдан кейін көзқарас біртіндеп өзгерді. Қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасала бастады. Қоғам бізді қабылдай бастады. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі адам бүгінгі таңда барлық адаммен тең құқылы деп айта аламын», - дейді ол.
Оның сөзінше, мүгедектігі бар адамдар көп жағдайда психологиялық жағынан әлсіз келеді.
Олардың көбі психологиялық тұрғыда мықты емес. Олар өзін өзгеден кем сезінеді, қоғамның көзіне түсуден қорқады, өзін қабылдамайды. Арасында оқшауланып алатыны да бар. Осы мәселелерді шешетін елімізде арнайы психологиялық орталық ашылса, психологтар жұмыс істесе деген ұсынысым бар, - дейді Дәурен Ысқақ.
Дәуреннің бес жасында денсаулығы сыр бере бастаған.
«Еміс-еміс есімде, сол 5-6 жасымда таңертең ұйқыдан оянғанымда аяғым қатты ауырды. Бақырып жыладым. Әке-шешем ауылдағы сынықшыға алып барды, ол кісі тізесі шығып кеткен сияқты деп, салып бергендей болды. Бірақ сол күні кешке дене қызуым көтеріліп, ертеңгі күні ауруханаға алып барды», - дейді ер адам.
Ауруханада баланы хирург қараған. Тізесі күп болып ісіп кеткенін көрген хирург, ісіп тұрған жерден сұйықтықты сорып алған. Бұл кезде диагноз да қойылмаған. Бір қалыпты ем жасалған. Бір жылға жуық жергілікті ауруханаларда емделгенде, бір аяғы сылтып басып қалған.
Бір жылдан кейін Алматыдағы ауруханаға қаралған. Олар диагнозды нақты қойып, гормонды дәрілермен емдей бастаған. Сол кезде Дәурен екі аяқпен жүріп, денсаулығы едәуір жақсарған көрінеді.
9 жасында Дәуреннің ата-анасы гормонды дәрілерден бас тартқан. 10-11 жасында төсек тартып жатқан. Бір жыл өткен соң қайта қалпына келген. Осылай аурумен жастайынан алысқан ер адам қазір балдақпен жүреді.
Қазір ер адам 32 жаста. Оған ревматоидты артрит диагнозы қойылған. Айтуынша, қазірге дейін бұл аурудың толық емі табылмаған. Алайда аурудың асқынуын тоқтатып, ел қатарлы өмір сүруге болады.
Енді ер адам отбасын құрғысы келеді.
Шынаргүл Оңашбай, Жетісу облысы.