Halyq Uni логотип
×

Петропавлда көмір тапшы: Халық әкімдік ұсынған қатты отынды алғысы келмейді

Бүгін таңертең жеткізілген жеті вагон көмір тез арада сатылып кеткен

 Самат Жақып 09.02.2022 | 18:14
Петропавлда көмір тапшы: Халық әкімдік ұсынған қатты отынды алғысы келмейді
фото: Halyq Uni

Петропавл қаласының тұрғындары көмір тапшылығына алаңдайды. Сақырлаған сары аязда қатты отын іздеген көмір таппай сенделіп жүр. Әсіресе, Шұбаркөл көміріне сұраныс артып, оны сатып алу үшін таңнан бастап жүздеген көлік кезекке тұрады. Қойма алдын түнімен күзететіндер де бар. Бірақ, көбі үйіне бос қап арқалап қайтып жатыр.  

«Мен таңғы сағат жетіде келдім. Тіпті, кейбір таңғы бестен бастап осында жүр. Көріп тұрсыздар, ұзын-сонар кезек. Бізге жетеді ме, жетпейді ме белгісіз. Жоқ дегенде үйге 4 тонна көмір алуым керек. Қыс ортасы болса да бұл проблема әлі шешімін таппай отыр. Сондықтан билік осыған назар аударса», - деген пікірде Петропавл қаласының тұрғыны Алтынбек Қуанышев.

Қазір облыс орталығында Шұбаркөл көмірі тек бір жерде саудаланады. Бүгін таңертең жеткізілген жеті вагон - 490 тонна қатты отын тез арада сатылып кеткен. Әр адамға тек бес тоннадан сатылып жатыр.   

«Бүгін бізге 500 тоннадай көмір келді. Өзіміздің қоймамызда осыншасы бар. Бұдан бөлек тағы 10 вагон жолда. Былтыр кей аудандарға қатты отын дұрыс тасымалданбады. Салдарынан халықтың көбі қалаға келіп алып жатыр. Сондықтан осындай жағдай қалыптасқанын байқап отырмыз.  Бұрын қыста мұндай дүрбелең болмайтын», - дейді көмір сату орнының өкілі Мұратхан Тұрмұхамбетов.

Жалпы халық ұзақ жанатын, әрі жылуын біразға дейін сақтайтын сапалы көмір іздейді. Өйткені солтүстіктің қысы қатты, әрі ұзақ. Облыста жылыту маусымы қыркүйекте басталып, мамырға дейін жалғасады. Екібастұз, Майқұба көмірінің сапасы нашар болғандықтан, тиісінше оларға сұраныс та жоқ. Ал, жауаптылар керісінше аталған көмір түрін сатып алуға кеңес береді. Қазір өңірде Екібастұз, Майқұба көмірінің 1,5 мың тонна қоры бар екен.

Ақпан айында облысқа 100 вагон көмір келеді деп жоспарланып отыр. Кен орындарында тиеу жұмыстары кестеге сәйкес жүрігізіліп жатыр. «Шұбаркөлге» бізден басқа өзге өңірлерден де сұраныс артқанын байқап отырмыз, - дейді СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Ілиясов.

Петропавлда, жалпы Солтүстік Қазақстан облысында көмір тапшылығы жыл сайын қайталанады. Өңір халқына жылыту маусымында орта есеппен 400 мың тоннаға жуық қатты отын қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама