Бір топ кәсіпкер жаңа партия құратынын хабарлады
Олар партияны «Respublica» деп атаған. Оны жақын арада тіркеуге ниетті
Қазақстандық бірнеше кәсіпкер «Respublica реформаларын қолдайтын саяси партия» құратынын мәлімдеді. Партияға қатысты видеоны кәсіпкер Сырымбек Тау әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Біз көп ойлана келе «Respublica» атты партия құруға шешім қабылдадық. «Әуелі өзіңді түзе, артынан төріңді түзе, бірлікпен еліңді түзе» деген қазақта жақсы сөз бар. Осындай қиын-қыстау кезеңде елге еңбек етуге бел будық. Сондықтан «Respublica» атты партияны құрып, ары қарай жастарымызбен бірге дамимыз деген ойдамыз», – деп жазды кәсіпкер.
Ол видеода еліміз өз дамуының жаңа кезеңіне алғашқы қадамын жасап отырғанын, «Қаңтар оқиғасы» бұрынғы жолмен өмір сүру дұрыс емес екенін көрсеткенін айтады.
«Оған бәріміз куә болдық. Одан кейін Конституция бойынша өткен референдум жаңа дәуірдің басты нүктесін заңды түрде рәсімдеп берді. Енді кезек нағыз демократиялық мемлекет сияқты өмір сүруіміз керек. Оның тағдыры тек өзімізге байланысты», - деді кәсіпкер Сырымбек Тау.
Сырымбек Таумен қатар болашақ партия атынан кәсіпкерлер Қуаныш Шонбай, Максим Барышев, Айдарбек Ходжаназаров, Бейбіт Әлібеков және тағы басқалары сөйледі.
«Жаңа Қазақстанды бір күнде құру мүмкін емес екенін білеміз. Мұндай ауқымды жұмыс үшін барлық азаматты жұмылдыру қажет екенін де түсінеміз. Жаңа Қазақстан біздің ортақ ісіміз болуға тиіс. Сондықтан болашақ партияны «Республика» деп атауды ұйғардық. Біз өзімізді танымал қылуды, атақ алуды, жаңалықтар тізбесінен көрінуді мақсат етіп отырған жоқпыз. Біздің бастамамызды, біздің болашақ «Respublica» партиямыздың анық идеологиялық платформасы, нақты белгіленген мақсаты мен жоспары бар», - деді кәсіпкер Қуаныш Шонай.
Қазір Қазақстанда ресми түрде бес саяси партия тіркелген, оның үшеуі ғана Мәжіліске өткен.