«Қазақты өз қолыңмен өлтіріп жатырсың»: Кәсіпкер сарбаздарға үндеу тастады (ВИДЕО)

Халық үні

Ақша деген түсінікті армиядан бір жола тоқтату керек, дейді ол

Кәсіпкер Әмір Мәуленов өзінің Instagram-дағы парақшасында әскердегі сарбаздарға үндеу жасады.

Оның айтуынша, төңіректегі геосаяси жағдай ушығып тұрған кезде әскерде жүрген қазақ жігіттері ойынды қою керек. Қазір бір сәт тыныштық алып, ойланатын, бірігетін шақ.

«Қысқасы, етек-жеңімізді жиып, миымызды қозғап, жинақталатын уақыт болып тұр. Жасың 20-ға келсе де, елдің ертеңін ойлай алатын санаң болмаса рухани мүгедексің. Сөз сүйектен өтеді деген. Жанына батса, есіңді жи! Сыртта сұрапыл соғыс жүріп жатыр. Ана баладан, әке бауырдан айырылып жатыр. Ал сен қазақ әскері Отан алдында борышын өтеуге барған өзіңдей қазақты бейбіт заманда өз қолыңмен өлтіріп жатырсың. Бұл нағыз еріккен ессіздің, мейірімсіз адамның тірлігі. Дедовщина жасап, қолыннан келгенін істеп, өзіңдей жырақта жүрген бейшараның жоқ ақшасын сорып қалуға құмарсың. Жанын қинайсың, өлімге итермелейсің. Қысқасы, әскерде темірдей тәртіп болмай тұр. Тәртіпті орнататын да, бақылайтын да басшылық Қорғаныс министрі өзі барып бақыламаса да, қоласты командирлері өз бөлімшісіндегі тәртіпке, сарбаздың амандығына жауапты болуы керек. Қоластындағы елдің балалары бір-бірін тонап, тепкіге алып, кемсітіп жатқанын көре тұра немқұрайлы қарау қылмысқа пара-пар іс. Ақша деген түсінікті армиядан бір жола тоқтату керек. Реформа осыдан басталсын. Әскерге барған ұлдың ақша туралы ойлайтын шамасы болмауы керек», - дейді Әмір Мәуленов.