Екібастұзда дүкен қызметкерлері 25 миллион теңгеден астам қаржы жымқырған

Халық үні

Дүкен иесі бірнеше ондаған миллион теңгенің талан-тараж болғаны туралы полицияға шағымданған

Фото: ашық дереккөздерден

Екібастұзда дүкен директоры болып жұмыс істейтін екі жергілікті тұрғын ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тергеу барысында анықталғандай, Екібастұз қаласының 44 жастағы тұрғыны және онымен бірге тұратын 40 жастағы әйел 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 2022 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта қызметтік жағдайын пайдалана отырып, өз сауда нүктелеріндегі тауарларды жарамсыз деп танып, есептен шығарған және оны басқа дүкендерге қайта сатып жіберген. Осылайша олар 25,5 миллион теңгеден астам қаржыны иемденіп, ысырап еткен.

Құқық қорғаушылар «Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-тараж ету, яғни жымқыру» бабы бойынша тергеу жүріп жатқанын атап өтті. Бұл әрекеті үшін кінәлілерге 1000 АЕК (3 063 000 теңге)  көлеміндегі айыппұл салынуы, үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Талдау көрсеткендей, көп жағдайда мұндай қылмыстық құқық бұзушылықтарды менеджерлер, кассирлер, бухгалтерлер, дүкен сатушылары, экспедиторлар, бағалаушы сарапшылар жасайды. Жалпы, жыл басынан бері облыста бөтеннің мүлкін талан-тараж ету бойынша 42 факті тіркелген.

Полиция нысан иелеріне өз кәсіпорындары мен фирмаларында мерзімді түрде инвентаризация мен ревизия жүргізуді, тауар мен материал сақталатын орындарға өткізу жүйесін, бейнекамераларды орнатуды ұсынады.