Браконьерлерден 600 келі балық тәркіленді
Бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды
Шардарада үш браконьерден 600 келіге жуық балық тәркіленді. Түркістан облысы Шардара АПБ-нің кезекші бөліміне Табиғатты қорғау полициясының инспекторлары Шардара су қоймасында браконьерлер ұсталғаны жөнінде хабарлады.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлері үш браконьердің су қоймасында аумен заңсыз балық аулап жүргенін анықтады. Айғақ зат ретінде олардан 600 келіге жуық балық (оның ішінде сазан мен 3 келі жыланбас), ау, екі ескек және қайық тәркіленді. Сондай-ақ күдікті азаматтар Шардара тұрғындары болып шықты, – делінген ақпаратта.
Тәртіп сақшылары істің барлық мән-жайын анықтау үшін күдіктілерді аудандық полиция бөліміне жеткізді. Қазір қылмыстық кодекстің 335-бабы 3-бөлігі (балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.