Күдікті төбелес кезінде атыс қаруын қолданған
Қостанайда екі ер адамды атыс қаруымен жарақаттаған күдікті ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz ақпараттық порталы хабарлады.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, қазір аталған факті бойынша «Адам өлтіруге оқталу» бабымен көзделген сотқа дейінгі тергеу басталды.
27 тамызда сағат 17:50 шамасында Жедел басқару орталығының 102 пультіне «Юбилейный» бау-бақша қоғамында атыс қаруының қолданылуымен төбелес болып жатқандығы туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына полицияның кешенді күштері жеткізілді. Полицейлер оқиға орнынан оқ жарақатын алған екі ер адамды – 31 жастағы және 25 жастағы Сарыкөл ауданының тұрғындарын тапты, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге жәбірленушілер дереу ауруханаға жеткізіліп, оларға медициналық көмек көрсетілгені белгілі болды. Денсаулық жағдайлары қанағаттанарлық.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Бір сағаттан кейін бұрын сотты болған облыс орталығының 38 жастағы тұрғыны қаланың солтүстік бөлігінде ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Атыс қаруы тәркіленіп, сараптамаға жіберілді.