Иттің иесі арнайы сараптама жасату үшін Алматыда жүр
Тараз қаласында ит атқыштар қоғам белсендісі Жанна Папинаның «Персик» атты күшігін өлтірген. Қала тұрғыны «итіме у беріп, азаптағандарды жазасыз қалдырмаймын» деп отыр. Қазір ол өлген итіне арнайы сараптама жасату үшін Алматыда жүр.
«Мен Персикті осыдан бір жыл бұрын аулада тауып алғанмын. Оны мал дәрігерлік клиникаға апарып, екпе салдыртқанмын. Итім - өте жуас. Ешкімге ешқандай агрессия танытпайды. Ауладағы балалардың досы десем де қателеспеймін. Тіпті, балаларды мектепке шығарып салатын. Кеше түскі 13:00 шамасында ветеринария басқармасының мамандары келіп, оған уланған дәрі беріп, темір шыншуырмен ұстап әкетті. Мен оны алыстан байқап қалып, солардың көлігінің артынан қудым. Кейіннен итімді алып, клиникаға апарып, система салдырттым. Бірақ аман алып қала алмадым. Дәрігерлер «өте қатты уланған» деді. Итімді азаптап өлтірді, енді мен оны дәлелдеп, сотқа жүгінемін», - дейді блогер Жанна Папина.
Оқиға болған күні қоғам белсендісі өлген күшігін көтеріп Жамбыл облысы әкімдігінің алдына барады. Сосын аймақ басшысының шығуын талап етеді. Дәл сәл сәтте облыс әкімі өзінің орынбасарларымен бірге ( 08.02.2022 ж. сағат 15:00-де) әкімдік ғимаратының жанындағы «Тараз» ӘКК-да өтетін есептік жиынға жаяу бара жатқан. Жолай алдынан шыққан блогердің мәселесіне көңіл аударып, оған басу айтып, жауаптыларға ескерту жасайды.
«Сендерге бәрін атыңдар, қырыңдар деп ешкім айтқан жоқ қой. Алдымен анықтау керек еді, мынаның адамға зияны бар ма, жоқ па? Балаларды қаба ма, қаппай ма? Ауру ма, сау ма? Қауіпті ме? Содан кейін ғана әрекет ету керек еді», - деді.
Ал, облыстық ветеринариялық басқармасының мамандары «итті қаңғыбас деп танығандықтан, оны атуға тура келді» деп отыр.
Бұл иттің кімге тиесілі екені әлі анықталуда. Себебі күшіктің не куәлігі, не мойнында қарғыбауы жоқ, тіпті чиптелмеген. Сол себепті аталған итті қаңғыбас деп санап, аулау жұмыстары жүргізілген, - дейді облыстық ветеринариялық басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев.
Иттің иесі тапа-тал түсте итін өлтірген адамдарды сотқа беретінін айтып отыр. Ал, мамандар үйде ит-мысық асырайтындарға ескерту жасап, оларды байлап ұстауын талап етуде.
Қазір облыс көлемінде адам өміріне қауіп төндіретін қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жүргізілуде.