×

Вице-министр орыс тілі, дене шынықтыру пәндері мұғалімдерінің жалақысы туралы айтты

Ұстаздардың жүктемесі 16 сағаттан аз болмауы тиіс

 Дәурен Ерболат 27.08.2022 | 17:51
фото: ОКҚ

Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова орыс тілі және дене шынықтыру мұғалімдерінің оқу сағаты қысқарып, жалақысы азайды деген ақпаратқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Мұғалімдердің жалақысы өсіп жатыр. 2023 жылы олардың еңбекақысы тағы 25%-ға өседі. Осыған дейін мен сіздерге оқу жоспары туралы айттым. Мемлекеттік стандартқа енгізілген өзгерістер балаға берілетін білімнің көлемін анықтайды. Ол азайған жоқ, - деді министрдің орынбасары ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ Шолпан Каринова оқу жоспарларына байланысты сағаттың бөлінуіне тоқталды.

Бұл – басқа мәселе. Ол әрбір мұғалімге бөлінген жүктемеге байланысты. Сондықтан біз былтырғы оқу жылында мұғалімдерді жұмысқа қабылдаудың ережесін белгіледік. Онда біз «ұстазды жұмысқа 16 сағаттық жүктемемен қабылдау керек» деп нақты айттық. 16 сағаттық жүктеме – бекітілген норма. Бұл нормадан төмен болса, ұстаз жұмысқа алынбауы керек, яғни мектепте конкурс жарияланбауы шарт. Оны біз ережеге жазып қойдық. Сондықтан тиісті жүктемемен қамтамасыз етілген жағдайда ғана мұғалімнің толық жүктемесі беріледі, - деді вице-министр.

Ол 2022 жылға дейін мұғалімдер әртүрлі жүктемемен жұмысқа қабылдана бергенін атап өтті.

«Сондықтан бұл мәселені реттеп, тәртіпке келтіру керек. Бұл жұмыспен жергілікті білім басқармалары айналысып жатыр. Қазір біз мұғалімдерге жүктеме 16 сағаттан төмен берілмеуі керек деп талап қойып отырмыз», - деді Шолпан Каринова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама