Антикор Алматы облысының білім саласындағы былық-шылықты жайып салды

Динара Амантай

100 қылмыс сыбайлас жемқорлыққа байланысты болып отыр

Фото: Halyq Uni

Алматы облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен әкімдік өкілдерінің қатысуымен алқалы жиын өтті. Күн тәртібінде білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселесі қаралды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Антикордың Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серік Орымбетовтің айтуынша, биыл алғашқы 7 айда білім саласында 161 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, оның 62,1 пайыздан астамы немесе 100 қылмыс сыбайлас жемқорлыққа байланысты.

Сондай-ақ жыл басынан бері білім саласына қатысты 42 тұрғыннан шағым түссе, соңғы екі аптада 13-тен астам өтініш тіркеліп үлгерді. Шағымдардың басым бөлігі Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле және Талғар өңірлерінен түседі. Білім саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар санының азаймай отырғаны алаңдатады. Мұнда, жалпы алғанда, пара алу, билікті асыра пайдалану фактілері басым, – Серік Орымбетов.

Атап өтілгендей, биыл Алматы облысындағы жалпы білім беретін мектептердің 23 директоры 154-бап бойынша (Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға тыйым салу белгiленген адамның осындай қызметпен айналысуы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өз кезегінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов Жаңа Қазақстанның қалыптасу жолында сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы басты міндет білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты болдырмау екендігіне назар аударды.

Қазір ата-аналар комитеттері шын мәнінде мектептерде оқу жылының басы мен аяғында өткізілетін түрлі іс-шараларға ақша жинау құралына айналды. Сыныптың ұйымдастыру мәселелері бойынша бұл үшін жалақы алатын сынып жетекшісі бар. Тек бірлесе жұмыс істегенде ғана осы бағытта жетістікке жете аламыз, – деп атап өтті Батыржан Байжұманов.

Кездесу соңында спикерлер бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса беретінін жеткізді.