×

«Осы менің миыма сыймайды». Шешен қызы қазақтан қазақша сөйлесуді талап етеді

Такси жүргізушілері болсын, дүкенде сатушылар болсын, орысша білмесе де сөйлеуге тырысады. Сол кезде мен таңқаламын дейді

 Еркеғали Болатұлы 27.08.2022 | 11:58

«...Сұрауы бар» YouTube арнасындағы Qazaq bol бағдарламасына берген сұхбатында Қызылордадан шыққан шешен қызы Айза Аблаким осылай деді. Себебі ол қазақ жерінде тұрып, қазақша сөйлемеу дегенді мүлдем түсінбейді.

Мен қазақ тілін білмегенде журналистика саласында ешқандай нәтижеге жете алмайтын едім. Өйткені оған сенімдімін. Мен 11 жыл бойы мектепте, 6 жыл бойы университетте орыс тілін оқығанмын. Бізде университетте орыс, ағылшын тілі болды. Орыс тілінде де мықты журналист болуға болады. Бірақ үлкен деңгейге жете аламын ба, жоқ па деп ойладым. Осы жасыма дейін ойлап жүргенім, қазақ елінің ауасын жұтып, осы елмен бітеқайнасып кеткен отандастардың қалайша қазақ тілін білмейтіндігіне, түсінбейтіндігіне таңым бар, - дейді шешен қызы.

Оның айтуынша, кей адамдар қазақша білмесе, сынауға болмайды. Өйткені олардың ортасы, мысалы, Солтүстік Қазақстан өңірі орысша сөйлейді. Ал Қызылордада қазақша білмейтін жан жоқ. Орыс та, кәріс те, неміс те, шешен де қазақ тілін біледі. «Бұл – өңір қазақтарының арқасы» деген пікірде Айза Аблаким.

«Мен солтүстікке келген кезде қазақ емес екендігімді біледі, әлде сезе ме, менімен орысша сөйлесуге тырысады көбісі. Такси жүргізушілері болсын, дүкенде сатушылар болсын, орысша білмесе де сөйлеуге тырысады. Сол кезде мен таңқаламын. Басында үндемей тыңдап аламын. Сосын қазақша жауап қайтарамын.

Неге өз-өзіңізді қинап, сіз орысша сөйлеуіңіз керек? Мен қазақша білмей, сізден орысша сөйлесуді талап ететін болсам, бір сәрі. Бұл қалай? Осы менің миыма сыймайды.

Сондықтан, әрине, қазақ тілін, мемлекеттік тілді білу қажет», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама