«Үш жылдан асып кетсе қайтара алмайсыз». Қарызға ақша бергенде нені ескеру керек?

Айнұр Шошаева

Заң бойынша шетел валютасымен қарыз беруге болмайды

Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанның заңнамалары ақшаны қарызға шетелдік валютамен беруге тыйым салады. Заңгер Нұржан Рахметов қарызға ақша бергенде ескерілуі тиіс бірнеше мәселені атап өтті, деп хабарлайды Halyq Uni

Заңгердің айтуынша, кез келген азамат қарызға ақша берген кезде бірінші кезекте оны жазбаша түрде рәсімдеуі керек. 

«Егер қарызға ақша берсеңіз, Қылмыстық кодекстің 716-бабына сәйкес, оны міндетті түрде жазбаша түрде жасаңыз. Заңға сәйкес, ақшалай немесе заттай берілген қарызыңызды дәлелдейтін құжат болса да, оған қосымша қарыз берілгені туралы қолхат, қарыз шарты немесе облигация түрінде қарыздың берілгені рәсімделуі керек. Көбіне қарыз алушы қарызды қайтара алмай жатады. Ал қарыздың берілгені туралы құжат болмаса, қарыздың берілгенін дәлелде алмайсыз. Ал кейбір жағдайларда келісім маңызсыз деп танылады», – деді Нұржан Рахметов. 

Яғни, қарыз берген кезде мына үшеуінің біреуін рәсімдеуіңіз керек: облигация, қарыз шарты немесе қолхат. Егер қолхат жаздырып алсаңыз, мыналарды ескерген жөн: 

  • Қарыз алушы қолхатты өз қолымен жазуы тиіс. Бұл сот сараптамасы кезінде қолхатты ақшаны қарызға алған адамның өзі жазғанын дәлелдейді. 
  • Құжатта қолхаттың жазылған күні көрсетіледі. Себебі құжат тек 3 жыл ішінде жарамды болып есептеледі, егер ол мерзім өтіп кетсе сотқа жүгіну мүмкін болмайды. 
  • Қолхатта қарыз алушы мен берушінің жеке құжаты – куәлігі немесе паспортының мәліметтері көрсетіледі. 
  • Құжатта ақшаның қанша көлемде және қандай жолмен (қолма-қол, есепшотқа аудару, т.б.) қайтарылатыны жазылады. Сонымен бірге өсім пайызбен қайтарылатын болса, оны да міндетті түрде көрсету керек. 
  • Қарыз сомасы санмен және жазбаша түрде жазылады. 
  • Қарыздың қашан қайтарылатыны анық жазылады. 
  • Ақша келісілген уақытта қайтарылмаған жағдайда айыпұл салу немесе үстеме пайыз қосу сияқты шарттар көрсетіледі. 
  • Қолхатқа екі тарап, қарыз беруші мен алушы, қол қояды. 

«Назар аударатын мәселе – сыйақы мөлшерлемесі қарыз сомасының 100 пайызынан аспауы тиіс. Сондай-ақ Қазақстанның заңнамалары қарызды шетелдік валютада беруге тыйым салады. Кейде мұндай қарыздар сот арқылы өндіріліп жатады. Неліктен тыйым салады дегенге келсек, бәлкім жеке тұлғалар арасындағы айналымдағы шетел валютасының мөлшерін азайту үшін қабылданған шара шығар. Ұлттық валютадағы банктік аударымдарды көбейтіп, яғни теңгені нығайту мақсатында болар», – деп қосты заңгер. 

Бұған қоса, заңгер қарыз алушы берген қолхаттың үш жыл ғана жарамды екенін атап өтті. Осы аралықта сотқа жүгінбесе, қарыз беруші одан кейін заңды түрде қарызын талап ете алмайды.

Қарызды өндіру үшін сотқа жүгінбес бұрын, алдымен атқарушылық жазба үшін нотариусқа жүгіну керек. Себебі талап орынды. Нотариус бас тартқан жағдайда сотқа жүгінуге болады. Талап қою мерзімі – борышкер қарызды қайтаруға тиіс болған сәттен бастап 3 жыл болып есептеледі, – деп толықтырды заңгер.