Субсидия алатын әлеуметтік дүкендердің өзі азық-түлікті қымбатқа сатып отыр
Талапты орындамаған кәсіпкерлерді жауапқа тарту ұсынылды
«Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы азық-түлікті қымбатқа сатып отыр. Әлеуметтік дүкендеріндегі тамақ бағасының кәдімгі сауда нүктелеріндегі бағадан еш айырмашылығы жоқ.
Айта кетсек, AMANAT партиясының мониторинг тобы Қарағанды қаласындағы әлеуметтік павильондардағы азық-түлік бағасына бақылау жасаған болатын. Нәтижесінде оларда азық-түліктің қымбаттауы ғана емес, тіпті, мүлде болмау фактілері байқалған. Осының салдарынан тұрғындар тарапынан шағым көп түскен деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Мен осы жердің ғана әлеуметтік павильонын қарап отырған жоқпын. Айырмашылық жоқ бағада. Үкіметтің арзан бағада сатамыз деген сөзі ғой, былай қарасаңыз. Қазір қанттың келісі – 875 теңге. Сонда бір қап қантты 40 мыңдай теңгеге аламыз. Ұнның өзі – 250 теңге, - дейді Таңшолпан Смайылова атты тұрғын.
Бағасы көтерілмеуі тиіс азық-түліктің 19 түрі белгіленген. Олардың ішінде нан, май, қант, ет, астық өнімдері бар. Әлеуметтік дүкендерде бұл тауарлар басқа сауда нүктелерінен арзан сатылуы шарт. Ол үшін мемлекеттен арнайы субсидия беріледі. Партиялықтар бірқатар жеңілдіктерге қарамастан, талапты орындамаған кәсіпкерлерді жауапқа тартуды ұсынды.
«Сарыарқа әлеуметтік павильоны қантты 484 теңгеден жеткіземіз деген. Міне, екі апта бойы бұл жерге қант келіп жатқан жоқ. Сонымен қатар, сұйық майдың литрін халыққа қолжетімді 698 теңгеден жеткіземіз деген. Өздерінің мемлекеттен алған субсидиясы бойынша орындалатын жұмыстарын орындамай отыр», - дейді мониторинг тобының мүшесі Меруеш Башай.