Елімізде 452 мыңнан аса адам жұмыссыз жүр
Қазір елімізде жұмыссыз жүрген ерлер көбейген. Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Нұр-Сұлтан қалалық филиалының басшысы Самал Жарова ер мен әйелдің орны ауысып кеткенін алға тартып отыр. Көбіне әйел түздің, еркек үйдің шаруасына бейімделіп барады екен. Тіпті, бұл қалыпты жағдайға айналып кеткен.
Әйел еркектің орнын басып, екі адамның да рөлін атқарса, күйзеліске ұшаруы мүмкін. Олар нәзік қалпын сақтау керек. Рас, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, тәуелсіздік алған жылдары нарық халықты біраз қыспаққа алды. Сол кезде әйелдер ала дорбасын асынып, жаппай жұмыс істеуге көшті. Бірақ бұл үйреншікті үрдіске айналмауы керек. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Жұмыс жоқ деу – жалқаулардың сылтауы, - дейді Самал Жарова.
Дегенмен көпке топырақ шашуға болмайды. Тұрақты жұмысы болмағанмен, отбасын асырау үшін ауыр жұмысқа жалданып жүргендер де баршылық.
«Жігіттер жалқауланып кетті ме?» деп сауалнама жүргізген тілшілерге көпшілік: «Еркектерге қарағанда әйелдер көп істейді ғой. Еркектер оңайды ойлайды», «Ер-азаматтар ер-азаматтығын істеп, өз орнында жұмыс істеуі, отбасының жағдайын ойлауы керек» сарынында жауап берген.
Сонымен, қазір елімізде 452 мыңнан аса адам жұмыссыз жүр. Олардың қатарында отбасылы азаматтар да бар.