Маңғыстау облысында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» қызметкерлерінің ереуілі аяқталды
Компания басшылығы қызметкерлердің жалақысын 30% көтеруге уәде берді
Маңғыстау облысында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» қызметкерлері жалақыны екі есе арттыруды және мереке күндері сыйақы беруді талап етіп ереуілге шыққан болатын. Компания басшылығы қызметкерлерінің бұл талаптарын ішінара орындап, жалақыны 30% көтеруге уәде етті.
Ереуілге шыққан «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» қызметкерлері басшылықтың уәдесіне сеніп 9 ақпанда жұмысқа кірісті. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бас директоры Талғат Есентүгелов енді мұндай жағдайлардың алдын алу үшін кәсіпорын басшылығы мен өндірістік ұжым арасында тұрақты тікелей байланыс орнатылатынына уәде берді.
«Өндіріс саласы қызметкерлерінің жылдар бойы қордаланып қалған түйткілді мәселелері бір күнде шешілмейді. Осыған байланысты алдағы уақытта Энергетика министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесе отырып, бұл мәселелерді толық шешу шаралары пысықталады. Қазіргі уақытта басшылық ұжымнан басқа қызметкерлердің жалақысын 30%-ке және кейбір мерекелердегі жұмыс үшін сыйақы төлеу жайы шешіліп жатыр», - деді.