Биыл кранның құлауы салдарынан 5 жұмысшы көз жұмған
Апатқа өндірістегі қауіпсіздік ережесін сақтамау себеп болды
2022 жылы елімізде құрылыста кран құлау дерегі жиілеген. Салдарынан 5 жұмысшы қаза тапқан. Бұл туралы ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Комитет төрағасының айтуынша, биыл жалпы 14 апат тіркелген.
Оның 8-і жүк көтергіш механизмдерді пайдалатын ұйымдарда болды. Салдарынан 6 адам көз жұмды. Оның ішінде 5 жұмысшы аталған ұйымдарда еңбек еткен. Олар кранның құлауынан қаза тапты. Былтыр мұндай 1 дерек тіркелді, - деді Нығмеджан Мақажанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Ол тіркелген апатқа байланысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
«Арнайы комиссия құрылады. Нәтижесінде комиссия акт шығарады. Онда апатқа не себеп болғаны жазылады. Тексеріс барысында заңбұзушылықтар анықталса, ұйымдағы қызметкерлер жауапқа тартылады», - деді комитет төрағасы.
Сондай-ақ Нығмеджан Мақажанов өндірістегі апатқа не себеп болатынын түсіндірді.
«Біріншіден, олар өнеркәсіптегі қауіпсіздік ережесін сақтамау. Екіншіден, жұмысшылардың кәсіби біліктілігінің төмен болуы», - деп түйіндеді сөзін басшы.