«Саудаға шығарылуы мүмкін». Алматы облысында ит соятын орын табылды
Пышақ, итті ұратын темір таяқ, құрал-жабдықтың бәрі бар
Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Көлді ауылында иттерді соятын орын табылды. Оны тапқан волонтерлердің айтуынша, иттің еті саудаға шығарылуы мүмкін деп жазды Sputnik Қазақстан.
Анастасия Малыгина есімді тұрғын өзінің асыл тұқымды итін ит аулаушылар алып кеткенін естіп, іздеу салған. Сөйтіп ол көмекке волонтерлерді шақырыпты.
Ит аулаушыларға хабарластым. Олар қандай ит деп сұрады. Мен фотосын жібердім. Олар маған «бұл ит емес, қой ғой» деп мазақ қылғандай жауап берді. Сол күйі итімді таппадым, - дейді Малыгина.
Ит аулаушылар мекемесіне барған волонтерлерді жұмысшылар бір сағат күшпен ұстаған. Тіпті қоқан-лоққы көрсетіп, қол жұмсаған.
Бізді былапыт сөздермен балағаттап, көлігіміздің есігін ұрғылады. Жолымызды жауып, жүргізбей тастады, - дейді Мина Исмаилова.
Одан кейін волонтерлер оқшау тұрған жерді тауып алған. Ол ит соятын орын болып шықты. Олар келген бойда 17 итті босатқан.
Иттердің бассүйегі жатты. Кейбір бассүйек – жаңа сойылған иттікі. Мұнда міне, пышақ, итті ұратын темір таяқ, құрал-жабдықтың бәрі бар. Міне, қараңыздар, жаңа аққан қанның іздері, – деп көрсетті ол жерді Мина Исмаилова.
Ит соятын орында газ баллоны мен таразы да тұр.
Полиция бұл іс бойынша тергеу басталғанын хабарлады. Ал Көлді ауылының әкімі Серік Қалижанұлы ауыл маңындағы ит соятын орынды бірінші рет көргенін айтып отыр. Жағдайды егжей-тегжей тексерген соң қосымша мәлімет бермек.