×

Анар Мешімбаева түрмеден шыққаннан кейін жазған кітабын шығарды

Кітабында ҰҚК-нің бұрынғы басшысы, қазір тергеліп жатқан Кәрім Мәсімов туралы да айтылған

 Еркеғали Болатұлы 26.08.2022 | 15:20
фото: ашық дереккөз

Статистика агенттігінің 2007-2009 жылдардағы басшысы Анар Мешімбаеваның қазақ және орыс тілдеріндегі «Важно каждый», «Өмір – сынақ» атты жинағы электронды кітап сервистеріне шықты.

Он жыл – бюджет қаражатын жымқырды деп айыптау, мемлекеттік қызмет пен кәмелетке толмаған қызынан жырақтату, қамауға алу мерзімі. Мұндай сценарий детективтік фильмнің негізі болуы мүмкін. Бірақ бұл кітап мыңдаған күн сенім, махаббат, үміт және сынақ болатын нақты оқиғаларға негізделген, – деп жазылған кіріспесінде.

Кітапта ол мемлекеттік органдардың жұмысы, белгілі саясаткерлер туралы әңгімелейді. ҰҚК-нің бұрынғы басшысы, қазір тергеліп жатқан Кәрім Мәсімов туралы да айтылған.

Сондай-ақ Анар Мешімбаева мемлекеттік қызметтегі жұмыстың ерекшеліктерін, маңызды шешімдердің қалай қабылданғанын сипаттайды. Өзі туралы түсіндірмеде агенттік басшылығына қатысты сыбайлас жемқорлық фактілері болмағанын және онда ешкімнің жемқорлық схемаларына араласпағанын жазады.

Мен әртүрлі ұйымдарда жұмыс істеген сәттеріме әрдайым көз жүгіртіп отырамын. Содан байқағаным, нәтижеге тез ойлайтын, талдайтын, әрекет ететін пікірлестер тобы жұмыс істеген кезде ғана қол жеткізуге болады, – дейді автор.

Еске сала кетсек, 2009 жылы Қазақстанда ұлттық санақ өткізіліп, одан кейін Статистика агенттігінің басшылығы, оның ішінде Анар Мешімбаева қамауға алынған болатын. Ол өзінің мерзімін Алматы облысының әйелдер колониясында өтеп, онда 5 жыл отырды.

Ал оның орынбасарлары Нұрман Баянов пен Бірлік Меңдібаев тиісінше 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу нұсқасы бойынша, олар да Анар Мешімбаева сияқты халық санағына бөлінген мемлекеттік қаражатты ұрлады деп айыпталған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама