Алматыда ұрының кесірінен бір адам көз жұмды
Күдіктінің бірнеше рет қылмыс жасағаны анықталған
Алматыда 22 жастағы ұрының кесірінен көлік апаты болып, жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұрын сотталған Р. есімді күдікті Ақсай шағын ауданындағы үйлердің ауласынан Mazda-ны ұрлап кеткен. Кейін ол тағы бірнеше рет қылмыс жасаған.
Нақты айтсақ, Алатау ауданындағы тұрғын алабында жас жігіт түнде 3 көліктің аккумуляторларын ұрлаған, ал таңғы 6-да көлік апатына себепкер болған. Күдікті Саина көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, Абай даңғылының қиылысқанда Toyota Corolla және Kia Rio-мен соқтығысқан. Салдарынан 52 жастағы ер адам басқарған Kia Rio инерциямен кедергіге соғылған. Өкінішке қарай, ол оқиға орнында көз жұмды, - деді Алматы қаласы ПД Анықтау басқармасының басшысы Олжас Шәріпов.
Патрульдік полиция қызметкерлері ұрыны ұстаған. Mazda-ның иесі көлігінің ұрланғанын білмеген.
«Көлік апатына қатысты дерек Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігіне («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу бөтен көлікті заңсыз иелену, бөтеннің мүлкін ұрлау деректері бойынша да жүргізіледі», - деді басшы.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.