Halyq Uni логотип
×

Байзақтағы жарылыстан кейін із-түзсіз кеткен Дәуітбаевтың әйелі: «Тауып берсе, үйімізді беруге дайынбыз»

Дәуітбаев хабар-ошарсыз кеткеннен кейін бесінші баласы дүниеге келді

 Ұлдана Жұбай 26.08.2022 | 10:33

2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, жарылыс болды. Салдарынан 17 адам қаза тапты, бір адам хабар-ошарсыз кетті. Сол уақыттан бері  кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев әлі табылмады. Halyq Uni тілшісі із-түзсіз кеткен әскеридің әйелінің жағдайын білді.

Отбасы Байзақ ауданының Базарбай ауылында тұрады. Бауыржан Дәуітбаев пен Ділнәз Данаеваның бес баласы бар. Күйеуі хабар-ошарсыз кеткенде Ділназ Данаева бесінші баласына жүкті болған. Ырымдап атын Аманкелді қойған.

«Қай жерде екенін айта алады деген адамның бәріне бардық. Алматыға да барып келдік. Іздемеңдер, таппайсыңдар деп, өзі келетінін айтады. Бірақ өзі келеді деп қол қусырып отыра бермейміз ғой. Соңғы рет Жасөркен (Жамбыл ауданы – Halyq Uni) деген ауылда жүр екен деген сыбыс шықты. Қазір қай тауға барып іздесек болады екен деп отырмыз», - дейді Ділнәз Данаева.

Әйел жақсылықтан үміт үзбейтінін айтады.

Күйеуім кеткенде аяғым ауыр еді, үш айлық кезі. Қазір ол баланың дүниеге келгеніне де бес ай болды. Аманкелді деп ырымдап қойдық. Атын екінші ұлымыз қойды. Менің аман-есен босануымды тілеп, әкесінің үйге оралуын күтіп, Аманкелді деп қоюды сұрады. Құдай сол баланың аузына ырымдап салып жатқан шығар дедік. (...) Төртінші ұлым қатты іздеді. «Папамды неге таппай жатыр?», «папамның түрін көрген жоқпын ғой», «неге жібермей жатыр?» деп сұрақ қояды, - дейді әйел.

Отбасы жақсы хабар келеді деп үміттеніп отыр. Балаларының сұрағына да солай жауап береді.

«Бәрі күтіп отыр. Үйім-отбасым деп қалған азамат еді. Үйленгенімізге кеше 15 жыл болды. Жағдайымыздың бәрін жасап отырған еді. Жұмыстан келген соң формасын шешпей, бірден мал-жанды түгендейтін», - дейді ол.

Айтуынша, бастапқы кезде мемлекет тарапынан қолдау болды, ал қазір отбасыға ешқандай көмек көрсетілмей отыр. 

Жақында жұмысынан бір кісі келді. Сол оқиғаға бір жыл болатынын, қайтыс болғандарға тас қойылатынын айтты. Бауыржанның өлі-тірі екенін білмеген соң тасқа атын жазбадық деді. (...) Көрген адамдар әкеліп берсе деймін. Үкімет тауып берсін! Үйіңді бер десе де, дайынбыз. Тірі әкеліп берсе болды, - дейді Ділнәз Данаева.

Айта кетейік, Байзақ ауданындағы төтенше жағдайда 17 адам қаза тапты. Олардың ішінде азаматтық қорғау органдарының 10 қызметкері, қорғаныс министрлігінің 6 әскери қызметшісі және бір әскери прокурор бар. Тағы бір адам – кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев хабар-ошарсыз кетті. Оны әлі күнге дейін тапқан жоқ.

Бұған дейін қорғаныс министрлігі Дәуітбаевтың денесі оқ-дәрі қоймасында жарылып кетуі мүмкін екенін жоққа шығарды. Себебі мұндай жағдайда денесінің бір бөлшегі табылуға тиіс.

2021 жылдың 29 қазанында Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Әскери қоймадағы жарылыстар кезінде қаза тапқан азаматтар мен олардың әйелдерінің кредиті кешірілді.

БАЙЗАҚТАҒЫ ЖАРЫЛЫС

26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасынан өрт шықты. Бас кезінде әскери бөлімнің өрт сөндірушілері тілсіз жаумен өздері күресіп көрген. Артынан төтенше жағдайлар қызметінің өрт сөндірушілері келді. Ал бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарыла бастады. Жақын маңдағы ауыл тұрғындары Таразға көшіруге шешім қабылданды.

Жарылыс 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданы Қайнар ауылынан 420 метр жерде болды. Салдарынан Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарында 35 аула және 12 кәсіпкерлік нысан бүлінді. Жамбыл әкімдігінің хабарлауынша, қираған нысандарды қалпына келтіруге 430 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. 

2021 жылдың 27 тамызында төтенше жағдайдан келтірілген залалды анықтау үшін комиссия құрылды. Бүлінген нысандарды тексеру және қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы органдарда 5 жұмыс тобы құрылды. Әкімдіктің хабарлауынша, олар Байзақ ауданының Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы, Төрекелді, Базарбай, Көкбастау ауылдарындағы барлық үйді аралаған.

Жарылыс салдарынан 3 елді мекендегі 35 ауланың және 12 кәсіпкерлік нысан бүлінген. Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарында орналасқан аулаларды қалпына келтіруге 261,2 миллион теңге, кәсіпкерлік нысандарды қайта қалпына келтіру үшін 170,1 миллион теңге жұмсалды, - деп хабарлады облыс әкімдігі.

Қайнар ауылында 19 үй бар. Қазір оның барлығына газ қосылды. Қайнар ауылында ұзындығы 1,3 шақырым Бірлік көшесіне орта жөндеу жұмыстары және көшеге жарық орнатуға 35,1 миллион теңге бөлінген. Қазір ауылда теп-тегіс жол бар.

Төтенше жағдайда 17 адам қаза тапты. Олардың ішінде 10 азаматтық қорғау органдарының қызметкері, 6 қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі және бір әскери прокурор бар. Тағы бір адам – 34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев хабар-ошарсыз кетті. Оны әлі күнге дейін тапқан жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама