Жеті жылдан артық отырғандар міндетті түрде ауысуы тиіс
2022 жылдың қыркүйек айының соңына дейін тағы 236 директор ауыстырылады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Білім беру саласында 10 мыңнан астам мемлекеттік ұйым бар. Көптеген басшыларда мерзімсіз еңбек шарттары бар. Осыған байланысты 10-15 және одан да көп жыл бір ұйымда жұмыс істейтіндер аз емес. Әрине, олардың арасында өз ісін білетін және білім беру ұйымының дамуына елеулі үлес қосып жүрген басшылар да бар. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, өкінішке қарай, мысалы, 10-15 жыл немесе одан да көп уақыт бойы лауазымдық қызметте отырғандар бастама көтеруді, мотивацияны және дамуға деген ұмтылысын жоғалтып, кемшіліктерге үйреніп кетеді және оны үйреншікті түрде қабылдайды», – деді Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі.
Бұған қоса, ведомство білім беру мекемелерінің басшыларын ротациялаудың қағидалары барын еске алды. Атап айтқанда, бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам уақыт жұмыс істеген басшылар ротацияға түседі.
«Бұл ретте осы ұйымдағы лауазымға тағайындалған күннен бастап 4 жыл атқаратын лауазымдағы бірінші басшы ұсынылған ротациядан бас тарта алады және тиісінше еңбек шарты шеңберінде өз жұмысын жалғастыра алады. Алайда, егер басшы бір ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады», – деп қосты министрлік.
Министрлік мәліметінше, биыл 400-ден астам мектеп директоры ауысқан, оның ішінде ең көбі Шымкент, Түркістан мен Қарағанды облыстарында. 2022 жылдың қыркүйек айының соңына дейін тағы 236 директор ауысады.