×

«Ренжімесең 5 мың атып жібересің бе»: белгілі журналист Қорғаныс министрінің отставкаға кетуін талап етті

Журналистің айтуынша, әскердегі туыстарының ұлдары өзіне ақша сұрап, талай хабарласқан

 Халық үні 25.08.2022 | 20:45
Фото: inform.kz

Белгілі журналист Ербол Мәндібек әскерге кеткен сарбаздардың көбі ақша сұрайтынын айтып, Қорғаныс министрлігін құпия құрылымға теңеді.

Сонда бұл не? Әскер ме? Әлде халықтың баласын жинап алып, ақша сұрататын құпия құрылым ба? Аллооо брат қалайсың? Ренжімесең 5 мың атып жібересің бе! Әскерге кеткен баланың бәрі осылай ақша сұрайды. Өзім білетін туыстардың әскердегі ұлдары осылай талай хабарласты, - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айтуынша, кеше ғана жұмбақ жағдайда қайтыс болған атыраулық жас сарбаз да таныс-тамырынан ақша сұраған. Қоғам белсендісі Бибігүл Рамазан осы қайғылы оқиғаның жай-жапсарын жариялап жатыр.

Қорғаныс министрлігінің атауын өзгерту керек сияқты. Осыларға сеніп, халық баласын әскерге жіберіп жатыр. Бармаймын дегендерін көшеден ұстап алып әкетуде. Ақыр аяғы қаншама ата-ана айдың күннің аманында сап-сау баласының сүйегін құшақтап зар илеуде. Сонда бұл не? Әскер ме әлде халықтың баласын жинап алып, ақша сұрататын құпия құрылым ба?, - дейді ол.

Журналист сарбаз өлімінің жиілеуіне Руслан Жақсылықты кінәлап, оны өз еркімен қызметтен кетуге шақырды.

Қорғаныс министрлігінің қаптаған шенділері. Сендер осы ұяттарың, намыстарың болса, генерал деген атақ-шенді қайта шешіп тастайсыңдар-ау. Әскердегі қайғы ара-тұра емес, жиі-жиі болып кетті. Ұяттарың, намыстарың болса, ендігі бір нәтиже шығаратын болдыңдар ғой. Сондықтан ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қызметтен өз еркімен кетуі тиіс. Елдің әскердегі баласына әке бола алмадыңыз. Жалпы біздің әскери салада солдатқа "қатал әке" болатындай біреу бар ма өзі? ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Шекара қызметі, ҚР Ұлттық ұланы. Осы үш құрылым саптағы әр сарбаздың өміріне қырағы қарасын!, - деп талап қойды Ербол Мәндібек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама