Алматыда көшеде түкіргені үшін бес мыңнан астам адам жауапқа тартылды
Қосымшада 20 оператор бейне қоңырау, аудио немесе SMS-хабарламаларды қабылдайды
Алматы қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев тұрғындардан қоғамдық тәртіпті бұзып, ластаған адамдар туралы фото, видеоларды 102 қосымшасына жіберуді сұрады.
Қосымшада тәулік бойы 20 оператор бейне қоңырау, аудио немесе SMS-хабарламаларды қабылдайды. Қоғамдық тәртіпті бұзған адамға қолданған жаза фото, видео жіберген авторларға хабарланады. Жыл басынан бері 500-ге жуық хабарлама келді. Оның ішінде, көшеде түкірген 5 613 адамды әкімшілік жауапқа тартылды, – деді Ержан Ұзабаев.
Оның айтуынша, биыл 7 айда қаланы абаттандыру ережелерін бұзған 17 152 дерек тіркелген. Сондай-ақ қоғамдық орында ішімдік ішкен 11 481 адам анықталған. Тыныштықты бұзған 5 494 адам ұсталған. Тыйым салынған жерде шылым тартқан 3 077 адам жауапқа тартылса, 505 заңбұзушылық анықталды.