×

Маңғыстау облысында 240 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Сегіз өңірде мемлекетке 660 мың гектардан аса ауыл шаруашылығы жері қайтарылған

 Динара Амантай 25.08.2022 | 14:59
Фото: ult.kz

Маңғыстау облысында пайдаланылмай жатқан 240 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов өңір тұрғындарымен кездесу барысында айтты.

Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, Асхат Оралов мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинмен, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабекпен, қоғам қайраткері Мұрат Әбеновпен және «Жер аманаты» комиссиясының өзге де мүшелерімен бірге Таушық ауылында Түпқараған ауданының тұрғындарымен кездесіп, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі және құнарсыздануы мәселелерін талқылады.

Ауыл ақсақалы Амангелді Жүнбасовтың айтуынша, ауыл тұрғындарының мал жаятын жері болмай отыр. Ал, жақын маңдағы жайылымдардың меншік иелері жергілікті тұрғындардың мал жаюына рұқсат етпейді. Сондықтан жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылымдардың аумағын кеңейту мәселесі өзекті болып отыр.

Президенттің пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі тапсырмасы орындалып жатыр. Соның нақты дәлелі: «Жер аманаты» комиссиясының атсалысуымен Маңғыстау облысында 240 000 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмысты еліміздің барлық аймағында жалғастырамыз, – деп атап өтті Асхат Оралов.

Өз кезегінде, депутат Еділ Жаңбыршин құрамына Ауыл шаруашылығы министрлігінің, прокуратураның өкілдері, партия депутаттары, заңгерлер, қоғам қайраткерлері, журналистер кіретін комиссияның көмегімен сегіз өңірде мемлекет меншігіне 660 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері қайтарылғанын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама