×

Есірткіні насихаттайтын әншілерге ескерту жасалды

Жыл басынан бері есірткіні насихаттау бойынша 79 қылмыстық іс тіркелген

 Дәурен Ерболат 25.08.2022 | 14:14
фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігі есірткіні насихаттайтын әншілер мен рэперлерге ескерту жасады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, есірткіні насихаттайтын музыкалық топтарды полиция бірден анықтайды.

Shiza және тағы басқа топтар рэп оқығанда марихуананы қалай пайдаланғанын айтады. Бұл есірткіні насихаттау болып саналады. 2-3 жыл бұрын осы бұл әрекет үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Қазір Қылмыстық кодекстің 299-баптың 1-тармағы бойынша жауапқа тартылады. Ол бойынша 3 жылдан 6 жылға дейін жаза қарастырылған. Биыл есірткіні насихаттау бойынша 79 қылмыстық іс тіркелді, - деді басшы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол рэперлердің мәтіні арнайы сараптамадан өтетінін атап өтті.

Әрине, қарасора деп айтқаны үшін жауапқа тарта салмаймыз. Олардың мәтіні арнайы сот сараптамасынан өтеді. Есірткіні насихаттау бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік те көзделген. Бұл әншінің іс-әрекетіне байланысты. Мысалы, өткенде Алматыда рэп жазған топтың мәтініне сараптама жасалды. Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 296-бабы бойынша тіркелді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Біз ондай мәтіндерге (есірткіні насихаттай сөздері бар мәтіндер – автор) бірден назар аударамыз, - деді Бақытжан Әмірханов.

Басқарма басшы полицейлер әлеуметтік желілерді бақылап отыратынын жеткізді.

«Өзіміздің IT-мамандар БАҚ-ты, әлеуметтік желілерді бақылап отырады. Онда заңға қайшы контент болса, бірден тиісті шара қолданылады. Мысалы, былтыр Алматыда Madman тобы ұсталды. Қазір олар жауапқа тартылып жатыр. Өйткені, олардан 1,3 келі мефедрон (синтетикалық есірткі) тәркіленді. Әншілер есірткіні таратумен айналысқан», - деді ІІМ өкілі.

Оның айтуынша, биыл есірткіні жарнамалайтын 1600 сайт, ал былтыр 5 мың сайт бұғатталған. Сондай-ақ 4 мыңнан аса граффити жазу өшірілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама