Павлодарлық жалғызбасты әке балаларымен далада қалды

Еркеғали Болатұлы

Тапқан-таянғаны азық-түлік пен балаларының киімінен артылмайды

фото: видеодан скриншот

Павлодар облысында осыдан 8 ай бұрын үйі жанып кеткен жалғызбасты әке 5 баласымен далада қалды.

Бекболат Баязитовтың әйелі 4 жыл бұрын қайтыс болған. 8 ай бойы ағайын-туысын жағалаған өзі кейін ауылдан қалаға көшіп келген. Бірақ онда да пәтер жағалаған ол қазір барар жер таппай жүр.

«Астана» телеарнасының хабарлауынша, былтыр жалғызбасты әкеге Ақтоғай ауданының әкімдігі үй беріпті. Алайда қақаған қаңтардың 26-сында балалары сабақта, өзі отын іздеп тоғайда жүргенде, ол баспанасы өртеніп кеткен.

Қазір қалада жұмыс істеп жүрген Бекболат Баязитовтің тапқан-таянғаны азық-түлік пен балаларының киімінен артылмайды. Таяуда оны жалға алған пәтерінен де шығарып жіберіпті. Енді көпбалалы әке қайда барарын білмей дал.

Балаларыма бір баспана болса, содан басқа ештеңе керек жоқ. Әрі қарай бірдеңе қыламын. Келіншегім қайтқалы жалғыз өзім осыларды көтеріп келемін. Одан басқа ештеңе керек жоқ, - дейді ол.

Аудан атқамінерлері жалғызбасты әкенің тағдырынан хабардар. Қолдан келгенше көмек жасағандарын да айтып отыр.

Өрттен кейін демеушілік қаражат есебінен үйді жөндеу жұмыстары жасалды. Бүгінде ол үй тұруға дайын. Баязитов Бекболатқа үйге кіруге болады деген ұсыныс бердік. Бірақ ол кісі аудандық тұрғын комиссиясына арыз жазып, ол үйде тұрмаймын деп бас тартты, - дейді аудан әкімінің орынбасары Бибігүл Оспанова.

Балаларының үлкені студент, ал кішісі биыл бірінші сыныпқа бармақ. Алайда дәл қазір Бекболат үшін оқудан бұрын баспана бас қайғы болып тұр. Сондықтан ауылдағы үйіне кірмей кеткен жалғызбасты әке қайырымды жандардан көмек сұрайды.