Алматы полициясы жұрттан көшеге түкіргендерді «көрсетіп жіберуді» сұрады

Еркеғали Болатұлы

Жарты жыл ішінде мұнда көшеге түкірген 5 613 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған

фото: ашық дереккөз

Алматы қаласының полициясы түкірген адамдардың фото мен видеосын «102» қосымшасы арқылы жіберуді сұрады, деп хабарлады жергілікті ПД баспасөз қызметі.

Қазір жедел басқару орталығының мамандары бейнебақылау жүйесі арқылы тәртіпті бұзатындарды анықтап, патрульдік полицияға жылдам хабар бере алады. Алайда «102» қосымшасы арқылы фото мен видео қабылдауға да болады.

Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті бұзу және қоғамдық орындарды ластау туралы иллюстрацияларды жіберуге шақырамыз. Көрсетілген ресурс арқылы тәулік бойы 20 оператор бейнеқоңыраулар, аудио немесе SMS-хабарламаларды қабылдайды. Қабылданған шаралар туралы өтініш авторларына белгіленген мерзімде хабарланады, - дейді депаратмент қызметкерлері.

Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері «102» қосымшасы арқылы 500-ге жуық хабарлама түскен. Басым бөлігі көшеде түкірген адамдарды жазалауды сұрайды.

Жарты жыл ішінде осы құқықбұзушылық үшін 5 613 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Еске сала кетсек, ӘҚБтК-тің 434-бабы («Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау») бойынша 5 АЕК (15 900 теңге) мөлшерінде айыппұл салу жазасы қарастырылған. Ал осы әрекет бір жылдың ішінде қайталанса, 31 180 теңге төлеуге тура келеді.