Қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр
Оралда сорғы стансасында құбыр жарылып, екі жұмысшы кәріз суына батып кетті. Бұл туралы БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, қайғылы оқиға бүгін Исатай-Махамбет көшесіндегі 2-кәріздік сорғы стансасында болған.
Жедел жәрдем сағат 11.11-де шақырылды. Кәріздік сорғы стансасындағы жөндеу жұмыстары кезінде шахтада құбыр жарылған. Соның салдарынан «Батыс су арнасы» ЖШС-ның 1971 және 1982 жылғы жұмысшылары оқиға орнында көз жұмды, – делінген хабарламада.
Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметі болған оқиғаны растады. Қазір қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.
Сонымен бірге 2-кәріздік сорғы стансасындағы апат салдарынан Орал қаласының орталық бөлігінде және Зачаган кентінде су жоқ екендігі белгілі болды. Оқиға орнында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.