×

Университеттердің 70%-ы ғылыммен айналыспайды – Саясат Нұрбек

ЖОО-ларды зерттеу моделіне көшіру көзделген

 Динара Амантай 24.08.2022 | 15:01
Фото: kznews.kz

Еліміздегі ЖОО-лардың көбі тек оқытушылықпен айналысып, ғылымға мән бермей отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Адами капитал - Жаңа қазақстан дамуының негізгі ресурсы» форумында айтты.

Оның айтуынша, ғылымға бөлінген гранттардың нәтижесі болмай тұр.

Осы салада Президенттің төрт үлкен тапсырмасын орындау бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Біріншіден, Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін көтеру ескерілген. Қазіргі таңда Үкіметтің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, осы мәселелерді қарастырып жатыр. Екіншіден, университеттегі ғылымға ерекше мән берілген. Қазіргі кезде университеттердің 70 пайызы ғылыммен айналыспай жатыр. Олар оқытушы университеттерге айналған. Біздің мақсатымыз – университеттерді зерттеу моделіне көшіру. Бұл тұрғыда ғылыми институттармен үйлестіріп, PhD және студенттік қолданбалы зерттеулер арқылы жастарымызды ғылымға тартуды көздеп отырмыз, – деді министр.

Сонымен қатар ол үшінші тапсырма аясында ұзақмерзімді әрі қысқамерзімді, ортамерзімді ғылымның басым бағыттарын айқындау ескерілгенін айтты.

«Бүгінгі форум сессиясы осы тақырыпқа арналған. Қазір отандық ғылым күнделікті салалық қолданбалы проблемаларды шешуге бағытталмаған. Елімізде ғылым өз бетімен, ал тұрғындардың күнделікті проблемалары өз бетімен тұр. Осы екі мәселені ұштастыруымыз керек. Министрлік осы мәселемен айналысып жатыр», - деді ведомство басшысы.

Саясат Нұрбектің пайымдауынша, еліміздегі ғылыми зерттеу институттары өз жұмыстарын күнделікті проблемаларды шешуге бағыттауы керек.

«Төртіншіден, ғылымды қаржылындыру моделін жаңадан қарастыру. Қаржы көп болмаса да, бөлініп жатыр. Яғни грант әрі бағдарламалар арқылы бөлінеді. Бірақ олардың нәтижесі тиімді емес және оны біз мойындаймыз. Негізгі жүйелі мәселе – осы. Ғылымға ақша берілгенімен, нәтижесі не болды? Өндіріске енгізу, салалық, өңірлік проблемалар бар. Сондықтан қаржыландыру әрі ұйымдастыру моделін де қарастыруымыз керек», - деді Саясат Нұрбек.

Бұған қоса министр ғылымды негізгі базалық қаржыландыру мемлекеттен жүргізілуі керектігін айтты. Алайда ол қолданбалы зерттеулер жекеменшік сектормен тығыз байланыста болғаны дұрыс деп есептейді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Саясат Нұрбек ЖОО-лар жаңа оқу бағдарламасын болжамсыз жасай алмайтыны туралы айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама