Ұсталғандардың бірі бұрын адам өлтіргені, қарақшылық әрі ұрлық жасағаны үшін сотталған
Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2022 жылғы 7 ақпанда Алматы қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимараттарына шабуыл жасады деген күдікпен бір топ адамды ұстады.
Тінту барысында олардан Калашников автоматы, оған 158 патрон, танкіге қарсы қол гранатаатқышына 1 ату қаруы және 3 снаряд, 2 граната, келте аңшы мылтығы мен электрошокер табылып, тәркіленді, – дейді ҰҚК.
Ұсталғандардың бірі бұрын адам өлтіргені, қарақшылық әрі ұрлық жасағаны үшін сотталған. Тергеу және жедел іс-шаралар жалғасып жатыр.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.