Halyq Uni логотип
×

Борышкер әке 1 балаға несиесінен 65 млн теңге алимент төлеуге қарсы

Заң бойынша табысының төрттен бір бөлігін алиментке беруі керек

 Еркеғали Болатұлы 24.08.2022 | 10:48
Борышкер әке 1 балаға несиесінен 65 млн теңге алимент төлеуге қарсы
фото: ашық дереккөз

Ақмола облысының Щучье қаласында белшеден қарызға батқан әкенің айтуынша, сот оның мемлекеттік бағдарлама бойынша банктен алған несиесін де табыс ретінде есептеп, бір баласына 65 миллион теңге алимент төлейтін етіп шешім шығарған.

Ол несие – қайтарылатын ақша. Тапқан пайдамыздан банкке міндетті түрде несиені қайтаруымыз керек. Осындай соманы төлеу мүмкін емес. Мұндай ақша менде болған да емес, қолыма ұстап көрмегенмін. Мен әлі түсіне алмай отырмын. Бұдан басқа да балаларым бар, кәмелетке толмаған, - дейді борышкер Біләл Сәкенов КТК телеарнасына берген сұхбатында.

Аяқ астынан миллиондап қарызға батқан ол әкелік парызымды онсыз да өтеп келемін деп отыр. Мысалы, 11 жастағы ұлына курортты аймақтан 2 бөлмелі пәтерді сыйға тартқан. Ай сайынғы алиментті анасының қолына ұстататын көрінеді.

Бөлек тұрғаны болмаса, ұлым үнемі қасымда, - дейді естелік суреттерін көрсеткен әке.

Сауда-саттықпен айналысатын ол қазір баласымен бірге мектепке қажетті кеңсе тауарларын алып жүр. Алимент дауы қомақты несие алысымен басталғанын айтады. Сол үшін 4 жылда бармаған жері, баспаған тауы жоқ көрінеді. Бірақ әділет департаментіндегілер оның кірісі салық органдарынан алынған деп отыр.

«Сәкеновтен алимент өндіру ісі бойынша сот орындаушысы оның барлық кірісін анықтауға тиіс. Ақмола облысы мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, шешім шықты. Заң бойынша Сәкенов табысының төрттен бір бөлігін алиментке беруі керек. Ол кәсіпкер болғандықтан, салық органдары сотқа кіріс туралы тиісті ақпаратты берген», - дейді облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Медет Едірісов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама