Қызылжар ауданында бұлан атқан браконьерлер ұсталды

Самат Жақып

Күдіктілер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

көрнекі фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында бұлан атқан броконьерлер ұсталды. Бұл жайында облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Қызылжар аудандық полиция бөлімінің испекторлары арнайы рейд барысында Жалтыр көлінің маңында жүрген сезіктілерді байқап қалған. Олар атып алған бұлан етін мүшелеп, терісін қарға көміп жатқан. Сосын тәртіп сақшыларын көрген браконьерлер бірден қаша жөнелген. Дегенмен, браконьерлердің бірі – 47 жастағы Қызылжар ауданының тұрғыны сол жерде қолға түскен.

Қазақстанда ерекше қорғалатын аңды жайратып салған тұрғын 6 жылға дейін сотталуы мүмкін. Бұлан атқандарға қатысты дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігі (заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енді. Браконьердің жанында болған тағы екі азамат арада бір тәулік өткен соң анықталды. Олардан қарда жүретін үш техника, «Иж» маркалі қос ұңғылы мылтық және мүшеленген жануардың еті тәркіленді.

Күдіктілердің бәрі қамауға алынды. Заңнама талаптарына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақта жасалған заңсыз аңшылық үшін аса ірі көлемде айыппұл салу, алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе шектеу түріндегі жаза көзделген, - деді Қызылжар аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.