Ауыл кәсіпкері туған жерін 3 млрд теңге инвестициямен жандандырып отыр

Еркеғали Болатұлы

Ол ауылға қызығушылық танытушылардың да қатары артып, соңғы 3 жылда 40-тан аса адам көшіп барған

фото: ашық дереккөз

Ақмола облысында жеке кәсіпкер өз ауылына 3 млрд теңге инвестиция салған. Соның нәтижесінде ауыл көркейіп, елді мекенге қоныс аударғандар көбейген. Жергілікті халыққа арнап спорт кешенін тұрғызып берген. Сондай-ақ сырттан келген мамандар үшін арнайы баспана да қарастырылған деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Шуйское ауылы – облыс орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердің бірі. Алайда ірі сүт-тауарлы фермасымен көпшілікке етене таныс ауыл. «Шуйское-XXI» серіктестігі жергілікті халық үшін заманауи фитнес-сауықтыру кешенін салуға мұрындық болды. Небәрі 800-ден аса тұрғыны бар шағын ауыл үшін бұл үлкен мүмкіндік дейді спорт кешененің меңгерушісі.

Спорт кешені былтыр ғана ел игілігіне берілді. Мұнда спорттың төрт түрі бойынша арнайы үйріме ашылған. Олар: футбол, волейбол, бокс және күрес. Әрбір үйрімеде арнайы жаттықтырушылар жұмыс істейді. Сондай-ақ жаттығу залы да ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін ашылған, - дейді Б. Құрманқұлов атындағы спорт кешенінің меңгерушісі Әйгерім Шанбаева.

Жеке кәсіпкер мұнымен шектелмей, ауылға келуші мамандар үшін де арнайы баспаналар салуды қолға алған. Осы арқылы ол елді мекендегі маман тапшылығын шешуді жоспарлап отыр.

Ауылымызда кадр мәселесі болған соң біздің бастығымыз мамандарға жаңа үйлер саламыз дейді. Сондықтан былтыр осында 10 үй салдық. Осы үйлерде қазір біздің мамандар тұрады, - дейді «Шуйское-ХХІ» ЖШС бас агрономы Мұрат Сәдуақасов.

Бүгінде бұл ауылға қызығушылық танытушылардың да қатары артқан. Мысалы, соңғы 3 жылда 40-тан аса адам көшіп барған.

«Биыл жарты жылдың ішінде 11 адам көшіп келді. Әрбір адамға үй беріледі. Балалары мектепке орналастырылады. 140 баланың барлығы тегін тамақтандырылады. «Шуйское-XXI» серіктестігі ауыл тұрғындарына жағдай жасаумен қатар, жұмыспен де қамтамасыз етуді өзіне мақсат еткен. Бүгіннің өзінде жеке кәсіпкер 110 адамға тұрақты жұмыс беріп отыр», - дейді Макеев ауылдық округының әкімі Асхат Ахмедьянов.