Павлодарда қызды кірпішпен соққылаған жігіт іздестіріліп жатыр (ВИДЕО)

Динара Амантай

Жәбірленушіге «бас миының шайқалуы» диагнозы қойылды

Фото: polisia.kz

Павлодар полициясы қызға шабуылдаған адамды іздестіріп жатыр. Бұл туралы Роlisia.kz ақпараттық порталы хабарлады.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 23 тамызда сағат 15.30-да Павлодар қаласының Орталық полиция бөліміне 20 жастағы павлодарлық хабарласып, белгісіз ер адамға қатысты шара қолдануды сұрады.

Оқиға 21 тамызда сағат 01.10 шамасында Павлодар қаласында болған. Жәбірленуші қыздың айтуынша, ол танысына қонаққа таксимен келген. Подъезге келе жатып, қыз оған белгісіз ер адамның артынан жүгіргенін байқады. Есікті ашқан кезде ер адам басына кірпішпен бірнеше рет соққы жасаған. Зардап шеккен адам ауруханаға 21 тамыз күні түстен кейін жүгінген, оған «бас миының шайқалуы» диагнозы қойылды, алайда жәбірленуші ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Бірақ оқиғаға байланысты қыз полицияға 23 тамызда ғана шағымданған.

Аталған фактіге сәйкес, бұзақылық бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Аталған адамның жеке басын анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.

Полиция павлодарлықтарға егер осы адамды біреу білсе, 102 телефоны бойынша хабарлауды өтінді.