Әйел кәсібін бес жыл бұрын бастаған
Кәсіпкер Жәния Сәтбаева 30 жасында жол апатына түсіп, төсек тартып жатқан. Оқиға 1991 жылы болған. Алғашында мүлде қимылдай алмаған әйел жылдар өте келе денсаулығын қалпына келтірген. Көпбалалы әйел Halyq Uni тілшісіне мүгедектігі бар кезде көрген қиындығы мен қазір кәсібін дөңгелетіп отырғаны туралы айтып берді.
Жәния Сәтбаева Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында туған. 19 жасында отбасы құрып, 30 жасқа келгенше төрт бала дүниеге әкелген. Тату-тәтті тұрған отбасының өмірі бір күнде басқа арнаға бұрылды. Әйел 30 жасында жол апатына түсіп, төсекке таңылды. Ол кезде кенжесі – бір жарым жаста, тұңғышы 11 жаста болған.
Анасы қозғала алмай жатқанда бар салмақ үлкен қызына түскен. Әйел қызының ерте есейіп, бауырларына анасындай қамқорлық танытқанын айтты.
Қызым таңертең ерте тұрып, шелегін ұстап, сиыр саууға шығады. Артынан үш бауыры шығып, шарбаққа асылып тұрады екен. Бұзауды байлауға қызымның әлі жетпей, шамасы келгенше тартады екен. Көршілерім осыны айтқан кезде жүрегім ауыратын, - деп еске алды әйел.
Әйел балаларының жағдайын көршілерінің сөзі арқылы біліп отырған. Сол сәтте балаларының жанында отыруды армандаған.
«Ұзақ уақыт ауруханада жаттым, бірнеше ота жасалды. Кейін үйде төсекке таңылдым. Екі аттам жердегі затқа қолым жетпегенде екі аяқтың қадірін білдім. Күйеуім «жұрт сені төмендетеді, үйге келгім келмейді, осының бәрін көргім келмейді» деп, бірге тұрғысы келмейтінін айтты. Бастапқыда балаларым өзін жетім сезінбесін деп, күйеуімді жанымда бол деп ұстап келдім», - дейді Жәния Сәтбаева.
Алайда уақыт өте келе балаларымен бірге жалғыз қалған.
11 жастағы қызым бауырларына ана орнына ана болды. Кішкентайым үйге жылап кіргенде маған емес, әпкесіне барып шағымданатын. Әпкесінің жанында ұйықтайтын. Осылайша қызым ерте есейді. Басымызға түскен жағдай оның психологиясына кері әсер етті, - дейді әйел.
Күйеуі кеткен соң балаларын өзі асырауға кіріскен. Айтуынша, аялдамада отырып сағыз, темекі сатқан.
«Қызым күн сайын аялдамаға апаратын. Ол кезде 5 сағыз, 1 қорап темекіге ақшамыз жететін. Қорабымен сатып алып, ішіндегісін аялдамада бөліп-бөліп сататынмын. Арасында үлкен қызым су әкеледі. Тауарды түгел сатқанымды көріп, қатты қуанатын. «Бәрін сатып тастапсың ғой, тағы алып келейін» деп жүгіретін», - деп еске алды ол.
Осылай күнін көрген анаға дәрігерлер жұмыс істеуге болмайтынын, күтіну керек екенін айтқан. Алайда әйел төрт баласын жеткізу үшін денсаулығына көңіл бөлмеген.
«Қазір осы оқиғаны естігендер мықты екенсіз деп жатады. Бұл мықтылық емес. Басыңа түссе, көнесің. Бәріне көндігіп, мойынсұнасың. Аш отырған балаларым тұрғанда, аурумын деп жату мүмкін емес еді. Төрт балам болмаса, осындай дәрежеге жетпейтін едім. Сол кезде «мені аяңдар, мүсәпірмін, мүгедекпін» деп жата алмадым», - дейді Жәния Сәтбаева.
Айтуынша, дәрігерлер әйелдің аяғын кеспек болған.
«Балаларым мектепке барады, анасының аяғы жоқ екен демесін деп келіспедім. Үнемі ең алдымен балаларымның жағдайын ойладым. Олар маған шабыт берді, өмірге құштар етті. Олар мені өмірге қайта әкелді», - дейді әйел.
Жәния Сәтбаева қазір 61 жаста. Ол қиын кезде жалғыз қалдырған күйеуіне ренжімейтінін айтты.
Тағдырыма өкпем жоқ. Төсектен тұра алмай жатқанда артық салмақ жинадым, өзіме қарай алмадым. Қимыл-қозғалыс аз болды. Өзімді жақсы көрмеген соң, күйеуімді алыстатып алыппын. Некеміздің бұзылуына өзімнің де кінәм бар, - дейді ол.
Ал қазір ұл-қызы бір-бір мамандық иесі атанып, жұмыс істеп жатыр. Жәния Сәтбаева 10 жыл бұрын балдақпен жүрген, ал қазір өзі қозғала алады. Бес жыл бұрын кәсібін бастаған.
«Не үшін өмір сүріп жатырмын?» деген сұрақты жиі қойдым. Қазір ұстанған бағытыма сенімдімін. Өзімді бағалайтын болдым. Өзімді жақсы көремін. Өмір тамаша! Әр қиындыққа шүкір деу керек, себебі ол өткінші», - дейді әйел.
Қазір Жәния Сәтбаеваның 9 немересі бар. Ол Қазақстанның өңірлерін аралап, кәсібінің қыр-сырын айтып, көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүр.
Шынаргүл Оңашбай, Жетісу облысы