×

«Достарыңыздың қаңтардағы жоспарынан хабарсыз болғаныңызға сенбеймін» - Зайытовтың Тілеуханға жауабы

Айтыскер ақын Бекболат Тілеуханға жауап берді

 Еркеғали Болатұлы 23.08.2022 | 15:10
фото: ашық дереккөз

Айтыскер ақын Ринат Зайытов Instagram-дағы парақшасында өзін қатаң сынға алған экс-депутат Бекболат Тілеуханға жауап берді.

«Мен сізді ештеңеге қарамастан аға деп құрметтеймін, қайталанбас талант деп жақсы көремін! Ал кейбір жағдайларда танытқан осалдығыңызды тура сынасам, ол – інілік назым, ақындық асаулығым. Ол өкпемнің орны бар деп ойлаймын.

Себебі қазіргі уақытта біздің елде ресми мәліметтер қаңтардағы қырғынға сіздің дос тұтып жүрген азаматтарды күдікті танып, тергеу жүргізуде. Демек, егер ол мәліметтер рас болса, сіздің достарыңыздың жоспарларынан хабарсыз болғаныңызға сенбеймін. Ал өтірік болса, онда қазіргі билік бізді алдап, ақымақ көріп, жазықсыз адамдардың мойынына жүздеген адамның қанын артқалы тұр деген сөз. Сіздікі қайсысы?

Не болса да, екі жағдайда да ештеңе көрмегенсіп, үндемей қалу сізге сын, аға», - деді Ринат Зайытов.

Осы орайда ол Түркияда қызмет атқарып жүрген Бекболат Тілеуханға бұл сұрағына жауап ойлап, «алтын уақытын» кетірмей-ақ қоюды ескертті. Айтуынша, өзінің экс-депутатқа «бірдеңе дәлелдеп, ырылдасып, таласу» ойында да жоқ екен.

«Өйткені қазақ онсыз да жан-жаққа топталып алып, қырық пышақ болып жатыр. Енді қалғаны Бекболат Тілеухан мен Ринаттың жақтастарының шайқасуы ма? Құрысын. Айып етпеңіз. Ондай елге еш пайдасы жоқ, «өнбес өсектер» жарысына жүйкем мен уақытымды кетірмеймін. Бекболат аға, сіздікі – «дұрыс», менікі – «ағаттық». Сіз – жақсы, мен – жаман. Осы жерден қойдым. Сіз де сөйтетін шығарсыз», - деп жазды айтыскер ақын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама