Ол мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айырылды
Орал қалалық сотында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті БҚО бойынша департаментінің қызметкерлеріне қатысты үкім шықты. Бұл туралы БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптама басшысы Бақытжамал Бекқожина ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігі 4-тармағына (пара алу) сәйкес айыпты деп танылды. Сот үкімімен Б.Бекқожинаға параның 60 еселенген көлемінде 60 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, – делінген хабарламада.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, осы үкіммен парақорлыққа делдал болу дерегі бойынша дәрігер-невропатолог Римма Телбаева айыпты деп танылып, оған параның 20 еселенген көлемінде 6 млн теңге айыппұл түріндегі жаза кесілген,
Олардың екеуі де мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор нысандарында лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, бұған дейін БҚО-да пара алды деген күдікке ілінген мемлекеттік қызметкерге қатысты іс сотқа жолданғаны туралы жаздық.