×

Педагогтерге артық жұмыс міндеттесе айыппұл салынады

Мұғалім мектептен тыс уақытта қосымша жұмыс істей ала ма?

 Ая Өміртай 23.08.2022 | 14:16
Коллаж: Halyq Uni

Мұғалімнің мектептен тыс уақытта қосымша жұмыс істеуге құқығы бар. Алайда педагог мәртебесі туралы қабылданған жаңа заң бойынша, мектеп басшылығы мұғалімдерді артық жұмысқа міндеттей алмайды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Редакция Оқу-ағарту министрлігіне мұғалімнің мектептен тыс уақытта қосымша қандай жұмыс істеуге құқығы бар екендігін сұрап білді.

Ведомствадан келген ресми жауапта «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаны, соған сәйкес бекітілетін белгілі бір шектеулердің бар екендігі айтылған.

Министрліктің хабарлауынша, Еңбек Кодексінің 1-бабының 1-тармағының 56 тармақшасына сәйкес, педагог қосымша жұмыс істеуге құқысы бар.

Алайда мұғалімнің бос уақытын пайдаланып, басшылық педагогке міндетіне кірмейтін артық жұмыс жүктей алмайды.

«Қазір «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды, оған сәйкес мұғалім кәсіби қызметін жүзеге асыруы кезінде, кәсіби міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, заңнамада көзделмеген есептілікті не ақпаратты ұсынуды талап етуге, педагогтің кәсіби қызметіне тексеру жүргізуге, педагогке тауарларды және қызметтерді сатып алу міндеттерін жүктеуге рұқсат етілмейді», – делінген.

Сонымен қатар, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін өздерінің кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне тартуға жол берілмейтіндігі айтылған.

Педагогтерге міндетіне кірмейтін жұмысты тапсырған және артық есеп бергізген жағдайда құқық бұзушылықтың субъектісіне қарай 20 АЕК-тен 120 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.

Айта кетелік, аталған заң күші мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында; орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында; мамандандырылған, арнаулы білім беру ұйымдарында; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында; қосымша білім беру ұйымдарында; әдістемелік кабинеттерде кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтерге қолданылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама