«Қазақстанда бір ғана ұшақ па?»: Отарда екі аяғы сынған әскери қызметші Алматыға жете алмай отыр
33 жастағы Нұрсұлтан Раушанов қазір Отардағы әскери госпитальда жатыр
Жамбыл облысы Отар ауылында әскери қызметші КамАЗ көлігінен құлаған. Салдарынан 23 жастағы Нұрсұлтан Раушановтың екі аяғы сынған. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне әскери қызметшінің әкесі хабарлады.
Нұрсұлтан Раушанов әскерде келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Отардағы оқу жаттығудан соң КамАЗ көлігінің үстіндегі әскери құралдарды жинап жатқанда құлап, екі аяғын сындырған.
Оқиға 22 тамыз сағат он бір шамасында болыпты. Цементке құлап, сол аяғы тізеден төмен үш жерден сынған. Оң аяғында тобығы сыныпты. Тобығы сынған аяғына гипс салып берген. Ал сол аяғына ота әлі жасалмады, - деді әскери қызметшінің әкесі Бексұлтан Раушан.
Оның айтуынша, ұлы қазір Отардағы әскери госпитальда жатыр.
«Таңертең Алматыға госпитальға апарамыз, оған дейін ұшақ жоқ дейді. Жанында бірге жұмыс істейтін жігіттермен сөйлестім, ұлыма ауруды сездірмейтін дәрі әсер етпей жатқанын айтады. Ұлымды Алматыға өзім көлікпен апарайын десем, рұқсат бермей отыр. Алматы жақын ғой, бүгін неге апармағанын сұрадым. Бірақ еш жауап жоқ. Қоңырау шалған едім, орысша сөйлейтін дәрігерге берді.«Орысша білмеймін, қазақша айтыңызшы» дедім, «қазақша білмеймін» деп телефонды тастай салды», - дейді әкесі.
Нұрсұлтан Раушанов үйленген, үш баласы бар. Әкесі дер кезінде ота жасалмаса, ұлы мүгедек болып қала ма деп алаңдайды.
«Ұлыма хабарластым. «Жақсымын» дейді, бірақ әрең сөйлеп жатыр. Жанына батып жатқаны белгілі ғой. Мына тұрған Алматыға бүгін жеткізуге болмай ма? Көкпар кезінде аттан құлаған, айдалада көлік апатына түскендерді санавиациямен жеткізіп, емдеп жатыр. Қазір 21 ғасыр, зардап шеккен елді қорғап жүрген әскери адам. Бір қызметшісіне дер кезінде көмек көрсете алмаса, Қазақстан армиясының не болғаны? Алыстағы астана емес, дәл жанында тұрған қалаға жеткізе алмау деген сұмдық емес пе? Сонда Қазақстанда бір ғана ұшақ бар ма?», - дейді ол.
Енді әскери қызметші Нұрсұлтан Раушановтың отбасы құзырлы органдарға шағымданып, ұлының еміне қатысты салғырттық танытқан басшылықты жауапқа тартуды көздеп отыр.