«Оқу ақысы қымбаттамайды». Министрлік ата-аналарды сабырға шақырды

Дәурен Ерболат

Бүгінде елімізде 120 жоғары оқу орны бар

Фото: Halyq Uni

1 қыркүйектен бастап университтердегі оқу бағасы көтерілмейді. Ата-аналарды сабырлы болуға шақырамыз. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлы айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Бірінші қыркүйектен бастап Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекұлы айтқандай, университеттерде оқу бағасы көтерілмейтінін мәлімдейміз, яғни баға былтырғы деңгейде қалады. Бұл нұсқауды универсиеттердің бәрі қабылдады. Тікелей министрліктің қарауындағы универсиеттерде, оның ішінде ұлттық университеттерде баға саясаты өзгерген жоқ. Ал жекелеген университеттер баға саясатын нарықтағы жағдайға сәйкес ұлғайтып жіберсе, оны директорлар кеңесінің шешімімен қайта қарауға мүмкіндік бар, - деді директордың орынбасары.

Ержан Әмірбекұлы ЖОО-ларда оқуды қымбаттату туралы шешім бір күнде қабылданбайтынын атап өтті.

«Шын мәнінде жекелеген университеттерде мемлекеттегі белгіленген инфляция деңгейіне байланысты дифференциация болды. Бірақ ол белгіленген инфляция деңгейінен асқан жоқ. Мұның бәрі бір күнде шешіле салатын мәселе емес. Жалпы кез келген университетте оқу ақысының көтерілуі немесе төмендеуі директорлар кеңесінің шемімімен, құрылтайшылардың шешімімен ғана іске асады. Сондай-ақ ол бойынша бір ай немесе бір күнде емес, бірнеше айда шешім шығады. Себебі олар нарықтағы жағдайды, студенттердің төлем қабілетін, университеттің даму стратегиясын ескеріп, шешім қабылдауы керек. Баға саясаты жылдың басында қабылданған шешімдер бойынша айқындалады», - деді басшы.

Сондай-ақ ол ұлттық университтер бағаны көтермегенін атап өтіп, ата-аналарды сабыр сақтауға шақырды.

Мысалы, былтыр Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқудың ақысы 1 млн теңге болды. Қазір көптеген мамандық бойынша оқудың бағасы 1 млн теңге деңгейінде Жекелеген бағыттар бойынша 1,5 – 1,6 млн теңге аралығында. Сондай-ақ өткен жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқудың бағасы 1 млн 50 мың теңге болса, қазір – 1 млн 100 мың теңге деңгейінде.  Сондықтан ата-аналардан сабыр сақтауды сұраймын. Егер ата-аналарға арнайы көмек керек болса, егер университеттің оқуын төлей алмай, қаржылық жағынан қиындық туындаса, сол ЖОО-ның басшылығына өтініш жазып, тиісті көмек алуға мүмкіндік бар, - деп түйіндеді сөзін Ержан Әмірбекұлы.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда жалпы 120 университет бар. Онда шамамен 600 мыңдау студент біліп алып жатыр.