Алматыда биыл бес адам пойыз астына түскен

Динара Амантай

Пойыз локомотивтері 57 рет шұғыл тоқтатылды

Фото: Halyq Uni

Алматыда биыл теміржол бойында адамдардың белгіленбеген жерлерден өткені үшін пойыз локомотивтері 57 рет шұғыл тоқтатылды. Оның бесеуінің соңы қайғылы жағдайға әкеп соқты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы Қазақстан Темір жолы жол дистанциясының бас инженері Дархан Абдуллаев айтты.

Оның айтуынша, теміржол бойында адамдардың жарақат алуының негізгі себептері – теміржолда рұқсат етілмеген орындардан өтуі, жаяу жүргіншілер көпірлері мен өтпелерді пайдаланбауы, теміржол көлігі объектілерінде алкоголь ішіп, мас күйде жүруі болып табылады.

Әсіресе, балалар қауіпті аймақта қараусыз қалып, теміржолды ойын алаңына айналдыратын жағдайлар алаңдатады.

Мысалы, өткен жылы 27 желтоқсанда Алматы -1 станциясы бойынша екі жасөспірім жабық вагонға көтеріліп, ток кернеуіне түсті. Тергеу барысында жасөспірімдер петардаларды жару үшін теміржол жолдарына барып, жабық вагонның төбесіне көтерілгені анықталды. Бұл әрекеттің соңы қайғылы жағдайға әкеп соқты, – деді Дархан Абдуллаев.

Ол сондай-ақ теміржол бойында мал жайылатын жерлер анықталып, биыл 77,4 шақырым мал қоршауын салу жоспарланып, іске асып жатқанына тоқталды.

«Бүгінде теміржол бойында жалпы ұзындығы 1648,1 шақырым мал қоршауы салынған, яғни 70,5 пайыз қоршаумен қамтылған. Жалпы, биыл локомотив бригадалары теміржол үстінде қараусыз жүрген малдың кесірінен 110 рет шұғыл тежелді, бұл жағдай өткен жылы 237 рет болды. Оның ішінде 41 жағдайда мал басылды. Мұндай жағдайда мал иелері анықталып, оларға шара қолдану үшін «Алматы-1» желілік полиция бөліміне ақпарат берілді», - деді спикер.

Бүгінде теміржол өткелдерінде пойыздардың автокөлікпен соқтығысуы үлкен алаңдаушылық тудырады.

«Биыл 2 тамыз күні «Audi-100» маркалы автокөлігі Іле – Жетіген аралығының 1630 шақырымында орналасқан теміржол өткелінде №2486 жүк пойызымен соқтығысты. Нәтижесінде вагон, инфрақұрылым объектілері бүлінді. Жалпы, «ҚТЖ «ҰК» АҚ филиалы – «Алматы магистральдық желі бөлімшесі» қызмет көрсету аймағында 133 теміржол өткелі орналасқан. Онда шұғыл тежеу қолданылған фактілерге мониторинг жүргізіліп, теміржол өткелдері арқылы өту қағидалары жиі бұзылатын теміржол өткелдері анықталды», – деді бас инженер.

Сөз соңында Дархан Абдуллаев құқық бұзушыларды анықтау, теміржол өткелдерінде жол апаттарын болдырмау үшін «Сергек» бейнекамераларын орнату қажет екенін және теміржол бойында қайғылы жағдайлар болдырмау үшін халық тығыз орналасқан жерлерде мердігерлік ұйымдардың көмегімен қоршаулар салынса деген өтінішін жеткізді.