«Адал адам өз елінде талтаңдап жүреді»: экс-депутат Бекболат Тілеухан жайында
Омархан Өксікбаев әріптесінің Түркиядан жасаған мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді
Мәжілістің бұрынғы депутаты Омархан Өксікбаев «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында әріптесі Бекболат Тілеуханның Түркиядан жасаған мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
Мәселе ол азаматтықты алып кетті ме, кетсе неге кетті деген әңгімеден туындауы керек деп ойлаймын. Ол елшіл азаматтардың бірі болатын. Өзі араласқан азаматтар анандай болып жатқаннан кейін секемдігі бар шығар өзінің, кім біледі оны?.. Мен басқа ештеңе айта алмаймын, - деді экс-депутат.
Еске сала кетсек, отандық БАҚ-та Бекболат Тілеуханның Түркия азаматтығын алуға өтініш білдіргені туралы хабар тараған-ды. Кейін оның өзі ақпаратты «жала» деп жоққа шығарды. Ал Омархан Өксікбаев «ары таза адам ештеңеден қорықпайды» деп отыр.
Қалай болғанда да шетелге кеткен адамдардың арты қуыс па? Ертең адамдардың бетіне қалай қарайды? Мен қазір соттың шешімі болмағаннан кейін біреуге күйе жаққым келмейді. Қалай болғанда да адал адам ештеңеден қорықпайды. Ол өз елінде, қазақша айтқанда, талдаңдап жүреді, - деді Омархан Өксікбаев.
Сұхбаттың толық нұсқасын жоғарыдағы видеодан көруге болады.