Бизнес үшін негізгі карантиндік шектеулер алынып тасталды
Келесі аптадан бастап Қазақстандағы мектептердің бәрі дәстүрлі режимде жұмыс істейді. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында вице-премьер Ералы Тоғжанов мәлім етті.
Вице-премьердің айтуынша, елде омикронға байланысты эпидемиологиялық ахуал күрт нашарлаған. Алайда, вирус жұқтырғандардың саны тәулігіне 16 мыңнан 2000-ға дейін азайып отыр.
Ералы Тоғжанов бизнеске жағдай жасау үшін карантин шаралары жеңілдетіліп жатқанын айтты.
Бизнеске жағдай жасау үшін негізгі карантин шаралары алынып тасталды. Сонымен қатар кеше ғана қазақстандық және шетелдік азаматтардың елге кіріп-шығуын жеңілдету үшін нақты шаралар қабылданды. 14 ақпаннан бастап барлық мектептерде оқуды оффлайн режимге ауыстыруды жоспарлап отырмыз, - деді Ералы Тоғжанов.
Еске салайық, 7 ақпанда өткен ВАК отырысында карантин кезеңінде қазақстандық және шетелдік азаматтардың Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібін жеңілдету мәселелері талқыланды. Ведомствоаралық комиссия уақытша шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады:
ҚР азаматтарының Қазақстанның халықаралық әуежайлары арқылы шет мемлекеттерге шығуына;
визалық талаптар сақталған жағдайда шетелдіктерге визасыз режимі бар елдерден, сондай-ақ тікелей әуе қатынасы бар елдерден (тұрақты, тұрақты емес чартерлік рейстер) Қазақстан Республикасының аумағына/аумағы арқылы кіруге/транзиттік өтуге рұқсат беріледі.
Сондай-ақ Қазақстан азаматтары үшін автоөтпе жолдары арқылы шет мемлекеттерге шығу үшін шектеу мерзімі екі есе азайтылды, енді қазақстандықтар 15 тәулікте 1 рет шыға алады.
Елге кіру кезіндегі жалғыз талап – шетелден келгендердің барлығы вакцина алғанына қарамастан, 72 сағат ішінде жарамды ПТР-анықтама ұсынуы керек. Бірге алып жүретін адамдарда теріс тест туралы құжат болған жағдайда 5 жасқа дейінгі балалардан анықтама талап етілмейді.