Биыл елордалықтар 7 млрд теңгеден аса соманың тегін дәрі-дәрмегімен қамтылған

Еркеғали Болатұлы

Емхана дәріханаларында МӘМС жүйесінде тегін берілетін барлық қажетті дәрілер бар

фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласында жыл басынан бері 148 870 пациент 7 млрд 11 млн теңге сомасына 464 704 тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді деп жазды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордалық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 5 млрд 163 млн теңге игерілген. Ал МӘМС бойынша ересектер 1 млрд 611 млн теңгенің, балалар 236 млн теңгенің препараттарын тегін алған.

МӘМС жүйесі арқылы дәрі-дәрмекпен қамтылған балалардың 1 156-сы жіті респираторлық инфекциямен – жоғарғы тыныс жолдарының ауруларымен ем қабылдаса, 3 462-сі төменгі тыныс жолдары дертіне шалдыққан. Темір жетіспеушілігі анемиясымен 517 бала, пневмониямен 680 бала, синуситпен және аденоид ауруларымен 222 бала сырқаттанған, – деп атап өтті филиал директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Айта кетерлігі, емхана дәріханаларында МӘМС жүйесінде тегін берілетін барлық қажетті дәрілер бар.

Медициналық сақтандыру қоры пациенттер құқығын қорғайды. Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, @saqtandyrybot телеграм-боты, 1406 байланыс орталығы және қордың fms.kz сайты арқылы хабарласуға болады.